Басты Жаңалықтар Онкологиялық орталықтарда ашық есік күні өтеді

Онкологиялық орталықтарда ашық есік күні өтеді

Елдегі онкологиялық орталықтар 28 наурыз күні тұрғындарды жолдамасыз қабылдайды. Яғни терапевтке барып, кезек күтпей-ақ бірден онколог-хирургтердің кеңесін алуға болады. Алдын ала тіркелу қажет емес. Сол күні жеке куәлікпен барсаңыз жеткілікті. Сондай-ақ онкоорталық мамандары оған дейін тапсырған анализдеріңіз болса, ұмытпай ала баруға кеңес береді.

Олжас Закарья, Қазақ ғылыми-зерттеу онкология және радиология институтының онколог-хирургі:

Барлық өңірде және қалалық онкологиялық орталықтарда бірыңғай ашық есік күні өтеді. Қабылдау тегін болады. Арнайы дәрігерлер, онколог, онкогинекологтан кеңес алып және сол жерде диагностикадан толық өтеді.  

Онкологтың айтуынша, әр скринингтен кейін тексеріске келген науқастардың 2-3 пайызынан қатерлі ісік анықталады. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде жыл сайын 40 мың адам обыр дертіне шалдығады. Соның ішінде 12 мың науқас ем таппай қайтыс болады. «Науқас сырқатын үшінші, төртінші кезеңде бір-ақ біледі. Сондықтан кейінге қалдырмай міндетті түрде кемі жылына бір рет скринингтен өту керек», - дейді дәрігерлер.

Жанна Ешмағамбетова, дәрігер:

3-4 сатыларда ғана шағым пайда болады. Қатерлі ісікке ең жиі кездесетін күдік - аяқ асты аз уақытта салмақ тастау. Сонымен қатар, қатты әлсіздік, тершеңдік болады. Биылдан бастап онкоскрингтер тегін. Яғни тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі арқылы жүзеге асады.

Еске салайын, скринингтен өту үшін жұмыстан үш күн демалыс алуға болады. Жұмысшының бұл құқығы Еңбек кодексінде көрсетілген. Сондықтан 28-і күні тексеріске баруға үлгермей қалсаңыз, кейін өзіңіз тіркелген ауруханаға барып, жолдама алып, қаралсаңыз болады.

Бөлісу