Карантиндік талаптарды жеңілдететін жаңа қаулы қабылданды. Құжатқа сәйкес, «жасыл» аймақтағы өңірлерде – «Ashyq» жобасына қатысушы нысандар қызметі шектелмейді. Ал, «сары» және «қызыл» аймақтарда – тыйымдар жеңілдетіледі. Нақтылар болсақ, эпид жағдайға байланысты келушілерге орындар саны белгіленген.
Мысалы, «Ashyq» қосымшасындағы «көк» түс иелеріне 50-ден 70%-ға дейін, ал, вирус жұқтыру қаупі жоғары өңірлерде 30-дан 60%-ға дейін ұлғайтылды. Алайда, елордада вирус жұқтыру жағдайы ушығып тұр.
Осы айдың басынан бері 72 мың адам ауруға шалдыққан. Бұл ел аумағында індетке іліккендердің 44,6 пайызы. Адамдардың кейбір тобы екпе қабылдағаннан гөрі инфекция жұқтырып, айығуды жөн санайды. Бірақ бұл - қате. Өйткені «омикрон» дельта-штаммға қарағанда 7 есе жұқпалы. Салдарынан халықтың біраз бөлігінде имунитет әлсірейді. Сақтанудың жалғыз жолы вакцина алу және ревакцина. Жалпы ел аумағында өткен тәулікте 12 мың 500-ден аса адам ауруға шалдықса, осы аралықта 11 мың 500-дей науқас жазылып шықты. Қазір елімізде Түркістан облысы ғана «жасыл» аймақта, қалғандары «қызыл» аумақта.