Алдағы 5 жылда Атырау облысында 48 мектеп салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы 5 жылда Атырау облысында 48 мектеп салынады

27.01.2022

Президент тапсырмасына сай, алдағы 5 жылда Атырау облысында 48 мектеп салынады. Сондай-ақ, 93 елді- мекен қайта түлейді. Өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, экономиканы жаңа деңгейге көтеру үшін 8 трлн 900 млрд теңге қаралған. Толығырақ, меншікті тілшіміз Жандос Темірғали тарқатып айтады.

Өңірді кешенді дамыту бағдарламасы аясында ауылдың жағдайы жақсармақ. 27 елді мекенге ауыз су ал, 8 ауылға газ тартылады. Балық және ауыл шаруашылығына да баса мән берілмек. Егіс алқаптарын 20 пайызға, мал басын 14 пайызға арттыру көзделген. Мал шаруашылығымен 20 жылдан бері айналысып келе жатқан Мұратай Сарманов төрт түліктің санын көбейту үшін әуелі шалғайдағы малшының жағдайын күйттеу керек деп есептейді.

Мұрат Сарманов, «Нұрлы дала» агрофирмасының басшысы:
Елді мекендерде ауыл шаруашылығы өндіріс орындарында, қыстақ, жайлауларда инфрақұрылымдық структуралардың болмауы. Қарапайым тоғы жоқ, суы жоқ адамға сен мына жерден өнім өндір, өңде деп қалай айта аласың. Сол себепті бізге бір нәрсеге бір нәрсе себеп болып, ауыл шаруашылығы дамымай отыр.

Экономиканың драйвері атанған өңірде кәсіпкерлер санын 55 мыңға жеткізу жоспарланған. Ол үшін, бизнес өкілдерін бір жерге шоғырландыратын индустриалды аймақ құрылмақ.

Нариман Таушов, облыс әкімінің орынбасары:
Жеке кәсіпкерлікті дамытуға индустриялық аймақ құру мәселесі де қаралып отыр. Оған 400 гектардай жер бөлініп, инфрақұрылымдық мәселелері шешілуде. Бюждеттен102 млн теңге қаражат бөлініп отыр, биылғы жылы құжаты жасалады. 

Өңір халқы электр энергиясынан тапшылық көрмесе де, желілердің 70 пайызы тозған. Кешенді жоспар аясында оны да жаңғыртуға қаржы көзделген. Дәрігердің көмегіне зәру ауыл-аймақтарда 15 медициналық нысан салынады. Үш аусымды және апатты мектептер азаяды, себебі алдағы бес жылда 48 мектеп бой көтереді. Осы аралықта 3,5 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Әлеуметтік жобаларға бөлінетін қаржының 90 пайызы инвесторлардан тартылмақ.

Жандос Темірғали, тілші:
Әлеуметтік саладағы түйіткілді проблемаларды түбегейлі шешу үшін құны 223 млрд теңге тұратын 41 жоба жасақталды. Өңірді кешенді дамыту бағдарламасы толық іске асқаннан кейін 40 мың тұрақты жаңа жұмыс орны ашылмақ.Бір қуантарлығы биыл, осы жоспар аясында 16 елді мекеннің халқы ауыз судың игілігін көреді. 

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу