Алматыдағы 7 700 қызмет көрсету нысаны қайта жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы 7 700 қызмет көрсету нысаны қайта жұмысын бастады

24.01.2022

Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен 600-ден аса адамға өтемақы төлене бастады. Олардыңарасында мемлекеттік органдардың, ауруханалар мен БАҚ өкілдері бар. Бұл туралы қала әкімінің төрағалығымен өткен штаб отырысында айтылды. Жиында зардап шеккен нысандардың қашан толық іске қосылатыны да сөз болды.

Өтемақы алғандардан бөлек төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген 9 мыңнан аса қызметкерге 100 000 теңге көлемінде қаржылай көмек беріле бастады. Сонымен қатар қала әкімі осы аптадан кешіктірмей шығынға батқан шағын және орта бизнес өкілдеріне қаржы аударуды тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:
 Біз тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге келген шығындарды төлеуді бастауымыз керек. Осы аптадан кешіктірмей алғашқы болып өтініш өткізгендерге төлем аударылуы тиіс.

Қала әкімінің тапсырмасымен мониторингтік топ үй жанындағы екі мыңға жуық дүкенге тексеру жүргізген. Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 61 сауда нүктесі анықталған.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:
Біз осындай қиын кезде бағаны негізсіз көтергендерге қатаң шара қолданамыз. Сондықтан сауда нүктелерін талапқа сай жұмыс істеуге шақырамын. Қазір сәбіз және күнбағыс майы бойынша шекті бағаны белгілеу туралы шешім дайындап жатырмыз.

Мегаполистегі тәртіпсіздіктер кезінде жұмысы тоқтатылған 7700 қызмет көрсету нысаны қайта ашыла бастады. 120 ірі кәсіпорын мен қаланың 51 базары іске қосылды. 149 азық-түлік желісінің бүлінген 3-еуі қаңтар айының соңында пайдалануға берілмек. 93 сауда үйінің 6-уында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, 220 жанармай құю бекетінің 90-ы жұмысын бастаса, 23-і қаңтар, ақпан айларында қызмет көрсете бастайды. Ал қалған 2 бекеттегі қалпына келтіру жұмыстары мамыр айында аяқталады деп жоспарланған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу