Президент Олимпиада және Паралимпиада құрамаларының мүшелерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Олимпиада және Паралимпиада құрамаларының мүшелерімен кездесті

21.01.2022

Президент Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының мүшелерімен кездесті.

Мемлекет басшысы жуырда Бейжіңде өтетін ХХІV қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының барша спортсүйер қауым үшін айтулы оқиға екеніне тоқталып, Қазақстан осы сайысқа ең үздік спортшыларын аттандырады, -деді.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Дүбірлі додада ел намысын қорғау – мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік. Біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарында талай рет жеңіс тұғырына көтерілді. Көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетті. Сондай сәтте әрбір азаматымыздың кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні сөзсіз. Сіздер алдағы сайыста халқымыздың сенімін ақтайсыздар деп сенемін.

Мемлекет басшысы бұған дейін Қазақстан атлеттері қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында жалпы 2 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль олжалағанын атап өтті. Сондай-ақ елімізде инклюзивті қоғамды дамыту жолында Паралимпиада ойындарының маңызы зор екеніне тоқталды. Президент спортшылардың кәсіби тұрғыдан жетіле түсуіне бар күшін салған бапкерлердің де еңбегін атап өтті. Сонымен қатар бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спорты әрдайым еліміздің басым бағыты екенін айтты. Былтырдан бастап спорт саласындағы мемлекеттік тапсырыстар бойынша жан басына қаржы бөлу іске қосылды. Сондықтан бұл шешім спорт секциялары мен аула клубтарының дамуына тың серпін беруі тиіс. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар көк туымызды Олимп шыңына шығарып, мемлекетіміздің мерейін көтере беруіне тілектестік білдірді.


Хабарламаларға жазылу