Өңірлерде демалыс күндері боран соғып, күре жолдар жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде демалыс күндері боран соғып, күре жолдар жабылды

17.01.2022

Өңірлерде демалыс күндері боран соғып, күре жолдар жабылды. Қар құрсауында қалған ондаған адам құтқарылды. Төтенше жағдай қызметінің хабарлауынша, жолаушылардың бәрі дін аман.

Семейде күн күрт жылынып, жауын жауғандықтан көшеде жүру мүмкін болмай қалды. Салдарынан айнала көктайғаққа айналды. Түнде шаһардан шыға беріс жолдардың дені жабылып, қаланың ішінде де көлік қозғалысы қиындаған. Жаяу жүру де қауіпті. Сол себепті бүгін Семей, Курчатов қалалары мен Бородулиха, Шемонайха аудандарында оқушылар онлайнға көшті.

Қарағанды облысында демалыс күндері ауа райы күрт жылып, күшті жел тұрды. Қар еріп, жер көктайғаққа болды. Салдарынан жол апаты жиіледі. Мысалы Абай қаласынан Қарабас елді мекеніне барар жолда Күшті жел көкайна мұзда автобусты аударып тастаған. Қарағанды мен Теміртау аралығында да тағы екі автобус жол жиегіне шығып кеткен. Алматы-Екатеринбург тас жолында 8 көлік соқтығысқан. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.

Ақмола облысында боранның кесірінен жолда қалған 50 шақты адам құтқарылды. Құтқарылған жолаушылардың бәрі дін аман, арасында 2 бала бар. Олар жылу бекеттеріне орналастырылды. Қатты боран болып, өңірдегі барлық жолдарда қозғалыс тоқтатылған еді. Қазір облыстағы жолдар түгел ашылды.

Қостанай облысында да жолда қалған 23 адам аман-есен құтқарылды. Олардың төртеуі кәмелет жасына толмаған балалар. Далада қалғандарға 5 арнайы көлікпен жабдықталған 12 құтқарушы көмектесті.

Ақтөбе облысында ақ түтекте жол қалған 33 адам құтқарылды. Оның бесеуі бала. Өңірде бірнеше бағыттағы жолдар жабылды.Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрып қалған 8 техниканы қауіпсіз жерге шығарды. Әсіресе, Ырғыз, Хромтау аудандарынан шақыртулар көп болған. Нәтижесінде 33 адам құтқарылып, тағы 12-сі эвакуацияланды. 

Хабарламаларға жазылу