Брюссельде Ресей-НАТО кеңесінің келіссөзі өтті. Солтүстік атлантикалық альянстың штаб-пәтерінде болған отырыс төрт сағатқа созылған. Келіссөздерге Ресей тарапын сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушко, АҚШ жағын мемлекеттік хатшының орынбасары Уэнди Шэрман бастап барды. Ал өзге елдердің атынан жоғары лауазымды дипломаттар қатысқан. Ресейдің басты талабы - НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюін тоқтату, Украинаның альянсқа кірмеуі. Мәскеу Киевтің НАТО-ға қосылуынан өзіне қауіп төнетінін айтты. Ал әскери одақ Мәскеуден Украинаға шабуыл жасамауды талап етіп, "ашық есік" саясатынан бас тартпайтынын мәлімдеді. Бұған қоса, Украина дағдарысы ушығатын болса, оның салдары Ресей үшін ауыр болатынын ескертті. Келіссөздерге төрағалық еткен НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг тараптар диалогты қайта бастау және болашақ кездесулердің кестесін қарастыруға келісті деп мәлімдеді. Ресей мен Батыс елдері арасындағы келіссөздер бүгін Венада жалғасады.
0:00:00
0:00:00