Қазақстандықтар елдегі жағдайға бей-жәй қарамайтындықтарын анық аңғартып отыр. Еріктілерден құралған «халық сақшыларының» қатары уақыт санап артып келеді. Бүгінде түрлі сала өкілдерінен құралған азаматтар өз еріктерімен қала тыныштығын күзетуге дайын екендіктерін айта келіпті.
Бұл жігіттер бүлік шығарып, арыз-шағым айту үшін жиналған жоқ. Керісінше, қиын сәтте қол үшін созамыз деп арнайы келіпті. Жауаптылардың айтуынша тұрғындар арасында көмектесуге ниеттілер саны күрт көбейген.
Ғани Асылбекұлы, қалалық Қорғаныс істері департаментінің өкілі:
Еліміздің тыныштығын сақтауға көмек көрсетеміз, қол үшін береміз деген азаматтар көптеп келіп жатыр, телефон шалып жатыр. Халық сақшылары қатарына қосылу үшін қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге, жергілікті басқармаларға және әкімдіктерге барып өз өтініштерін білдіру керек.
Жиналғандардың барлығы да «алмағайып заманда ауызбіршіліктің қадірін білген дұрыс »,- деседі. Жұрт болып жұмылсақ қиын кезеңнен қысқа уақытта шығатынымызға үмітті. Қысқасы, сырттан сынап, іштен тынып жататын уақыт емес дегенді айтады.
Бауыржан Серікбаев, қала тұрғыны:
Ең басты мақсатымыз бұл елдегі тыныштықты сақтау, Қазақстанның тәуелсіздігін сақтау, елдігімізді сақтау және президентіміз Қ. Тоқаев мырзаның саясатын қолдау. Осы мақсатта бізде азамат ретінде өз үлесімізді қосқымыз келеді сол үшін келіп отырмыз.
Еріктілердің тағы бір тобы блокбекетте тұрған әскерилерге тамақ таратуды қолға алған. Зейнеткер Гүлгүл Жылқыайдарқызы мұндай игі істі Қазақстанның әрбір азаматы жасайтындығына сенімді.
Гүлгүл Жылқыайдарқызы, қала тұрғыны:
Әскерилерге көптен-көп рақмет, елдің тыныштығын қорғап тұрғандарына. Бізде тыныш жата алмадық, қолымыздан келгенше ыстық шайымызды, бауырсағымызды, етімізді, майымызды алып келдік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Ескеретін жайт, тұрғындар тек тұрғылықты жері бойынша ғана қоғамдық тәртіпті қадағалауға көмектесе алады. Өзге өңірлерге баруға мүмкіндік жоқ. Сонымен бірге, еріктілердің ешқайсысына қару-жарақ берілмейді.
Серік Жұмабек, тілші:
Елде төтенше жағдай жарияланғалы күніне жүздеген ерікті халық сақшыларының қатарын толықтырып жатыр. Қазір елорда бойынша олардың саны 800-ге жетіп жығылады. Тек бас қаламызда ғана емес бүкіл республикада еріктілерден құралған халық сақшыларының бар екенін ескерсек, ел тұрғындарының тыныштық пен тұрақтылыққа негізделген ортақ мақсатты көздейтіндігін анық аңғарамыз. Бірлігіміз бекем, іргеміз бүтін болсын.
Серік Жұмабек