Елімізде «омикрон» анықталса, шектеу шаралары күшейеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствааралық комиссияның отырысында айтылды.
Онда вирусқа қарсы күрес шараларының жоспары бекітілді. Мамандардың мәліметінше, «омикрон» штамы бір айдың ішінде әлемнің 110 елінде тіркелген. Денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, аурудың таралу жылдамдығы «дельта» штамынан 5 есе жоғары. Сондықтан сақтық керек.
5 қаңтардан бастап сауда үйлері, караоке, ойын-сауық орталықтарына тек «жасыл» статусқа ие тұрғындар кіре алады. Егер елде «омикрон» тіркелсе, банк, Қазпошта, Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен спорттық кешендерге де дәл осындай талап қойылады.
Ералы Тоғжанов жағдайдың ушығуы немесе бәсеңдеуі тікелей халықты вакциналауға байланысты екенін айтты. Статистикаға сүйенсек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарында екпе алу қарқыны бәсеңдеп қалған. Әкімдіктер Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, вакциналау шараларын күшейту керек. Әсіресе Олимпиадаға баратын делегация мүшелері екпе салдыруы тиіс.