Елорда көшелерінде көлік жүру жылдамдығы төмендейді. Оның себебін полицейлер көлік апаттарының көбеюімен және ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып отыр.
Жылдамдықты азайтуға тағы не себеп? Жаңа ереже тек қыс мезгілінде ғана енгізіле ме?
Ламбриан Топузидис, тілші:
Нұр-Сұлтандағы кейбір көшеде көлік жүрісінің жылдамдығы азайтылатын болды. Жергілікті Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, әл-Фараби даңғылы, Нұр-Сұлтан-Қарағанды жолындағы қозғалыс жылдамдығы төмендетіледі. Қазір біз Тұран даңғылы бойында тұрмыз. Қосшы тарапындағы Қарқаралы көшесінен бастап, Ұлы Дала даңғылына дейін жылдамдық сағатына 80 шақырымнан 70 шақырымға дейін төмендетіледі. Басты себеп - осы маңдағы жол апатын азайту. Ауа райының қолайсыздығынан соңғы күндері апат та жиілей түсті. Нұр-Сұлтан-Қарағанды жолында, Күйгенжар ауылынан Нұр-Сұлтан бағытындағы жол учаскесінде жылдамдық сағатына 10-20 шақырымға төмендетіледі. Сондай-ақ, көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығы төмендетілетін учаскелерде жаңа тұрғын үй кешендері де салынып жатыр. Яғни тұрғындар саны да көптеп шоғырланған. Ал бұл өзгерістер жаз мезгілінде де енгізілетініні әлі белгісіз. Қыста мұндай шектеулер керек дейді тәртіп сақшылары. Жол ережелерін бұзу фактілерін осы учаскелерде орнатылған «Сергек» бейнебақылау камералары тіркейтін болады.