Түркістан облысы Қазығұрт ауданында «Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына - 30 игілікті іс» бастамасы аясында 3 мектептің құрылысы аяқталып, оқушылар жаңа партаға жайғасты. Бұл білім ұяларының шәкірттері осы кезге дейін апатты жағдайдағы ғимаратта немесе бала санының көптігінен амалсыз үш ауысыммен оқуға мәжбүр болған.
Үш бастау аулындағы жаңа мектепте бүгін таңертеңнен бері абыр-сабыр. Мұғалімдер сынып бөлмелеріне көрнекіліктерін іліп, оқу құралдарын әзірлеуде. Оқушылар болса, ұстаздарына қолғабыс жасап, жаңа мектепте сабақтың басталуын тағатсыздана күтіп жүр.
Жұлдызай Дәурен, 8 сынып оқушысы:
Жаңа стильде салынған мектеп. Көптеген компьютерлер келіп жатыр. Интелектуалды тақталар. Өте қатты құштармыз осында сабақ оқуға асығып жатырмыз.
Кенен Әзірбаев есімін иемденген білім ұясының ескі ғимаратын ауыл халқы асар жолымен өздері салып алған еді. 36 жыл балаларға білім нәрін сіңірген мектептің қазір қабырғалы жарылып, төбесі ойылған.
Ауылдың ажарын аша түскен жаңа білім ұясының құрылысы былтыр басталды. Үш қабатт еңселі ғимаратта енді бір ауысымда 200 бала емін-еркін білім мен тәрбие алады.
Шералхан Ибрагимов, ауыл тұрғыны:
Ауыл Жаңабаз ауылының қақпасында орналасқан. Төбеден келе жатқаннан мектебіміз жарқырап, еліміздің ажарын ашып тұр. Егемендік алғалы еліміз қатты өзгерді. Жол салынды, жарық жанды. Оның бәрі елдің көңіл күйін көтеріп тастады.
Қазығұрт ауданында биыл тағы 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның төртеуі апатты жағдайдағы және оқушылар сыймай жатқан білім ұяларының орнына тұрғызылуда.
Асан Үйсінбаев, Қазығұрт ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:
Сонымен 2022 жылы ауданда үш ауысымды, апатты мектептердің саны мүлдем жоқ болып, жалпы 68 мектептің бәрі типті мектеп қатарына өтеді.
Қазығұрт ауданында бүгінде 68 білім ұясы бар. Ел Тәуелсізідігінің мерейлі мерекесі қарсаңында Тұрбат және Ащыбұлақ ауылының балалары да жаңа мектептің табалдырығын аттап, қуанышқа бөленді.
Ғани Қалмаханов