Үкімет басшысы Асқар Мамин Мәскеуге жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы Асқар Мамин Мәскеуге жұмыс сапарымен барды

21.12.2021

Премьер-Министр Асқар Мамин Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустинмен және Ресейдің мемлекеттік компаниялары басшыларымен келіссөздер жүргізді. Үкімет басшысы Мәскеу қаласына жұмыс сапары аясында сауда-экономика, қаржы-инвестиция, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ химиясы, энергетика, ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі арттырудың мәселелерін талқылады.

Көрші ел үкіметінің үйлестіру орталығында өткен кездесуде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара серіктестіктің өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ COVID-19 таралуына қарсы күрес пен екі ел экономикалары үшін пандемия салдарын жою жөніндегі бірлескен шаралар қаралды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

2021 жылы қай салада болмасын алға ілгерілеушілік бар. Экономиканың басым салаларының дамуы бізді қуантады. Соңғы он айда екі ел арасындағы тауар айналымы 3 есе өскен. Ал келер жылы саудадағы қаржы айналымы 24 млрд АҚШ долларына жетеді деген болжам бар. Бұл бұрын соңды болмаған көрсеткіш.

Кездесуде Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы көліктерді өткізу пункттерін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. «QazTrade» АҚ» экспортты ілгерілету жөніндегі қазақстандық оператор «Ресей экспорттық орталығы» АҚ-мен және Ozon маркетплейсімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты.

Азамат Асқарұлы, «Qaztrade» АҚ бас директоры:

Биыл бізде электронды тауар экспорттау көлемі алғаш рет 125 млн доларға жетті. Бұл жобаға бюджеттен 500 млн тенге бөлінген болатын. Осыны ескеріп, біз жан-жақты жұмыс істеп, басқа да танымал компаниялармен келісімге келдік.

Асқар Мамин жұмыс сапарында «Сколково» қорының төрағасы Аркадий Дворковичпен, «Сбербанк» төрағасы Герман Грефпен, «РТЖ» басқарма төрағасы Олег Белозеровпен екі елдің цифрлық, қаржы-банк және теміржол салаларындағы өзара ықпалдасу мәселелерін талқылады. Жиында Жайық өзенін құтқару жайы да сөз болды. Трансшекаралық өзендер бассейндерінің эко жүйелерін сақтау жөніндегі бағдарламалар аясында жұмысты үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.


Хабарламаларға жазылу