Түркістан облысында 2 мың гектар алқапқа ағын су жеткізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 2 мың гектар алқапқа ағын су жеткізіледі

20.12.2021

Түркістан облысының Келес ауданында ағын су каналы тазартылып жатыр. Оған көршілес Өзбекстан елінің техникасы және жұмыс күші тартылған. Соның арқасында кеңес заманынан бері игерусіз қалған 2 мың гектарға жуық егіс алқабына су жеткізілетін болды.

Шекараның шебіне қоныстанған Ақсу ауылы соңғы жылдары егін егуді доғарды. Өйткені іргедегі каналға жөнді су келмейді. Шамасы келген жұрт арықтың табанындағы азғана суды сорғымен тартып, егінін машақатпен суарады.

Абдулла Шойбек, шаруа:

Қиындығы сол су шықпайды, жақсы тартылмайды. Лайға толып қала беретін еді. Сонымен әйтеуір бірнәрсе етіп егіс ектік қой.

Ал каналдың соңындағы Ынтымақ ауылының бау-бақшасы мен көкөнісі биыл шөлден қурап қалды. Бозсу арнасынан бастау алатын Солтүстік Ташкент каналында жаз басталмай жатып, су тартылып қалды.

Нұрлан Әбдірайымов, Су шаруашылығы маманы:

Үш жылдың көлемінде су жылдан жылға азайып, 200 гектардан астам жер қалды биыл. Өйткені су басында болды да, кейін азайып кетті. Жаздың ортасында су болған жоқ.

Өзбекстандық техникалардың каналды тазартуға кіріскеніне аптаға жуықтады. Эксковаторлар су арнасының табанын қамысты батпақтан арылтып, жағалауын кеңейтіп жатыр. Енді каналға жіберілетін су екі есеге көбейеді. Түйінді мәселе екі елдің гидромелеорация мамандарының келіссөз жүргізуінің нәтижесінде шешімін тапты.

Әбубәкір Сапаров, Келес ауданы су шаруашылығы мкк директоры:

Толық механикалық тазалаудан өткен жағдайда үш елді мекендегі 1 мың 928 гектар жерді сумен қамтамасыз етеді. 15 куб су сыйымдылығы артады.

«Солтүстік Ташкент» каналы Өзбекстанның меншігінде болғанымен оның 19 шақырымы Қазақстан аумағынан ағып өтеді. Су арнасының бойындағы «Жүзімдік», «Бірлесу» және «Ақтөбе» округіндегі оннан астам ауылдың диқандары бау-бақша өсіріп, жерден несібесін айырып келеді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу