«Астана Опера» театрының ұжымы шетелдік сапарда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» театрының ұжымы шетелдік сапарда

10.03.2014
«Астана Опера» театрының ұжымы шетелдік сапарда
Әлемдік турне аясында «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры алғашқы гастрольдік сапарын Санкт-Петербург қаласынан бастады. Жерлестеріміз атақты Мариин театрының жаңа және ескі сахнасында 8 наурыздан бастап, үш күн бойы өнер көрсетті.
 
Бұл күндері «Астана Опера» Санкт-Петербург халқына Джузеппе Вердидің «Атилла», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларын және «Ballet Gala» қойылымын ұсынды.
 
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Санкт-Петербургтегі Мариин театры - Ресей ғана емес, бүкіл әлем мойындаған киелі өнер ордаларының бірі. Театрдың жаңадан салынған сахнасында әлі ешбір шетелдік ұжым өнер көрсеткен жоқ. Ал құрылғанына көп бола қоймаған жас театр «Астана Опера» өзінің әлемдік турнесін дәл осы жерден бастады.
 
Кешқұрым Санкт-Петербург халқы театрға қарай ағылды. Халықтың көптігі сонша, кіреберісте кезекке тұруға тура келді. 2 мың адамдық үлкен зал көрерменге лық толды. Мариин театрына арнайы шақыртумен келген «Астана Опера» театрының ұжымын өнерсүйер қауым осылай қарсы алды.
 
Төлеген Мұхамеджанов, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының директоры:
Бұл - тек қана бастамасы. Мариин театры қазан айында біздің елге гастрольдік сапармен келеді. Біз осындай қарым-қатынас арқылы өзара меморандум қабылдаймыз.
 
«Астана Операның» шетелдегі алғашқы қадамы «Аттиладан» басталды. Джузеппе Вердидің туындысын италиялық және отандық опера әншілері орындады. Ал қойылымға маэстро Валерий Гергиевтің өзі дирижерлық етті.
 
Валерий Гергиев, Мемлекеттік академиялық Мариин театрының көркемдік жетекшісі, директоры:
Қазақстанда ұлттық мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғаны қатты қуантады. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі үлкен қолдау көрсетіп отыр. Осы елде бірнеше рет болған кезде қолға алынған жұмыстарды көргенмін. Астанада жаңадан салынған «Астана Опера» театрының ғимараты таңғажайып.
 
Қазақ театры Санкт-Петербургке жұртты мойындатып, таңқалдыру үшін емес, әлемдік үлкен турненің алдында өздерін сынап, көрерменнің қолдауын сезіну үшін келген. Қойылымды көрген халық тамсанып, қол соғып шықты.
 
Владислав Брюховецкий, Санкт-Петербург қаласының тұрғыны:
Билетті алдын-ала сатып алдық. Жақсы бір туындыны көру үшін келген едік. Театр шынымен де керемет өнер көрсетті. Әсіресе, хордың орындауында бір мін жоқ.
 
Елена Давыденко, Санкт-Петербуг қаласының тұрғыны:
Қойылым мұншалықты ұнайды деп ойлаған жоқ едік. Барлығы көңілімізден шықты. 8 наурыз мерекесіне орай керемет сыйлық болды.
 
Жерлестеріміз Мариин тетарында үш күн бойы өнер көрсетті. «Аттиладан» бөлек, әлемнің үздік хореографияларын топтастырған «Ballet Gala» пен қазақ операсының інжу-маржаны саналатын «Біржан-Сараны» қойды.
 
Енді «Астана Операны» алда Париж, Лондон және Нью-Йорк сапарлары күтіп тұр.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу