Сыр өңірі биыл 500 мың тонна күріш өнімін алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірі биыл 500 мың тонна күріш өнімін алды

18.11.2021

Қызылорда облысы су тапшылығына қарамастан биыл 500 мың тонна күріш өнімін алды. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова айтты. Жалпы, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіш ілгері. 10 жылда 6,3 пайызға артқан. Тек кедергі келтіріп отырған өзекті мәселе - су тапшылығы.

Оны үнемдеп, тиімді пайдалану үшін биыл жалпы көлемі 775 млн/текше метр болатын Қараөзек су қоймасы салына бастады. Құрғақшылық салдарынан биыл өңірде 600-ге жуық мал қырылғаны белгілі. Суармалы судың жетіспеуіне байланысты Арал ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын. Өңір басшысының сөзінше қазір жағдай тұрақталған.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
Біз Үкіметке шығып, резервінен 1,7 млрд қаржы сұрадық. Малшыларға бір бөлігін жем шөпке судсидия ретінде бердік. Тамыз айында ақша бөлінді. Қыркүйек айында автоматтандырылған жүйе бойынша тіркелген барлық малшыларға төлеп бердік. Одан бөлек меценаттар, көрші облыстар жақсы көмектесті.

Сыр өңірі биыл кальцийленген сода зауытын салуды қолға алмақ. Одан бөлек 500-ге жуық жұмыс орнын ұсынатын 4 жаңа жоба жүзеге аспақ. Бұл қатарда шыны зауыты да бар. Ал өңірдегі иммундау шараларына келсек, Қызылорда облысы тұрғындарының 86 пайызы екпе салдырған. Балалар мен аналарды вакциналау үшін Pfizer-дің 23 400 дозасы жеткізілген. Оларды вакциналау шаралары 15 қараша басталды.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу