Есіл - ең ластанған өзен. Экологтар осылай деп дабыл қағып отыр. Мамандардың сөзінше, судың сапасы соңғы жылдары нашарлап кеткен. Оған себеп - өзенге құйылатын ағынды сулар, жаңбыр мен коммуналдық қалдық сулары дұрыс тазартылмайды. Бұл мәліметті Экология департаменті де растап отыр. Заң бұзушылықтар да бар. Раушан Сайлауқызының зерттеу материалы.
Есіл - елорданың көркі, астананың ажары. Бірақ беті мөлдір өзеннің, түбі лас дейді алаңдаған экологтар. Оның үстіне су көлемі де сарқылып барады. Бұл өзен ағысын баяулатып, су құрамының өзгеруіне ықпал еткен.
Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:Өзен-көл суы 5 классификацияға бөлінеді. Бірінші класс - ең таза, ал бесінші класс - ластанған су деген сөз. Осы классификацияға қарайтын болсақ, Есіл өзенінің суы - 5 класс. Яғни ең ластанған.
Көрсеткішке көз жеткізу үшін зертхана көмегіне жүгіндік. Өзеннен алынған бір торсық суға мамандар 33 түрлі тексеріс жүргізді.
Ербол Оразалин, «Қазгидромет» РМК зертханасының басшысы:Қазан айының қорытындысы бойынша 4 шкалада тұр. Яғни Есіл өзенінде фосфор жоғары. Биыл жарты жылдықта 5 класқа жоғарылады.
Сөйтсек, су деңгейі соңғы сатыдан көтерілмей тұр. Құрамы орташа деңгейде лас. Бар гәп – су құрамы былғанған. Есілге құятын Ақбұлақ пен Сарыбұлақ арнасы таза емес. Сондай-ақ арықтар арқылы жететін жаңбыр сулары да дұрыс тұндырылмайды. Тағы бір себеп өзенге құйылатын коммуналдық қалдық суының да сүзгісі нашарлаған. Салдарынан су құрамы өзгеріп барады Ал жауапты екі компания жұмысына салғырт дейді экология департаменті.
Жансая Ахметова, қалалық Экология департаменті бөлімінің басшысы:2020-2021 жылдары экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін «Астана су арнасы» мекемесін «Астана» тазалық серіктестігін жалпы сомасы 70 млн-ға жуық әкімшілік айыппұлға тартты.
Себебін білмекке «Астана су арнасына» ат басын бұрдық. Мамандар 4 кезеңнен тұратын су тазарту әдісін көрсетті. Алдымен тұрмыста қолданатаын лас су қатты қалдықтардан тұндырылады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Қатты қалдықтардан тазарған су, міне, екінші кезеңде тазартылып жатыр. Судың әлі де жағымсыз иісі бар. Сондықтан бетперде тағып тұруға тура келді. Бұл тәсіл биологиялық әдіс деп аталады. Бұл кезеңде су фосфат сияқты биогенді ластағыш заттардан тазарады. Су дұрыс тазартылмаса, химиялық әдіс қолданылады. Тазарса, сүзгіден өтіп өзенге жіберіледі.
Айып тағылса да, қалдық суды тазартумен «Астана су арнасы» айналыса бермек. Себебі мұнан өзге бәсекелес компания жоқ. Мекеме өкілдері жылдан-жылға кәріз суларының көлемі көбейгенін айтады. Сол себептен қосымша жаңа заманауи кәсіпорын салуды жоспарлап отыр. Ал суды тазартуға қатысты мынадай кедергілер бар.
Фируза Алдынгурова, «Астана су арнасы» МКК технологы:Тұрмыста қолданатын химиялық заттар тазартуға қиындық тудырады. Бұрын да ұнтақ, сабын ғана болатын. Қазір бірнеше химикат қолданады. Оның бәрі біздің станцияға келгенде келіп түсетін ластағыш заттардың концентрациясын жоғарылатып жатыр.
Химикаттан бөлек, өзен түбінен жазда 20 тоннадан астам қатты қалдық шығарылыпты. Биыл әкімдік жанынан өзеннің өзекті проблемаларымен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды дейді әкімдік өкілдері. Әйтсе де ластануды тоқтату - халықтың қолында. Егер Еуропа елдеріндей экологияға зиянды тұрмыста қолданатын қосындылардан бас тартсақ. Өйткені өздеріңіз көргендей төгінділердің бәрі өзенге құйылады. Ал оның дұрыс тазалануына кепілдік жоқ. Бұлай жалғаса берсе, Есілдің тұнығы лайланып, қалдық суға айналып кете ме деген қауіп бар дейді экологтар.
Раушан Сайлауқызы