Pfizer вакцинасы ертеңнен бастап салына бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Pfizer вакцинасы ертеңнен бастап салына бастайды

11.11.2021

Қазақстанға Pfizer вакцинасы жеткізілді. Коронавирусқа қарсы екпенің 379 мың дозасын әкелген ұшақ кеше түнде Алматы халықаралық әуежайына қонды. Мегаполисте ертеңнен бастап жасөспірімдер мен жүкті және бала емізетін әйелдер екпе салдыра алады.

Жеткізілген Pfizer вакцинасы тек -90 градусқа дейін суыта алатын тоңазытқыштарда сақталады. Екпенің 46 мың дозасы Алматыда қалса, қалғаны басқа өңірлерге таратылмақ. Жалпы, препараттың 4 миллион 230 мың дозасы сатып алынды. Қалған партия бірнеше аптаның ішінде шетінен әкелінеді.
Әйгерім Смаилова, «СҚ-Фармация» ЖШС өкілі: 
 Келіп түскен дозалардың барлығы жедел түрде әрбір өңірге жеткізіледі. Екпе жұмысына жұмылдырылған персоналдарға оқыту жүргізілді. Сонымен қатар, егуге қажетті шприцтер көлемі сатып алынды.
Pfizer вакцинасын салу ертеңнен басталады. Вакциналау алдымен медицина мекемелерінде жүргізілмек. Ал білім ордаларына арнайы шақырту арқылы дәрігерлер өздері барады. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының хабарлауынша, қазірдің өзінде 30 мыңнан аса тұрғын балаларына екпе салдыруға келісімін берген.
Светлана Сұлтанғазиева, қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары: 
12 жастан 18 жасқа дейін 170 мыңнан аса балалар бар. Жүкті әйелдердің саны 20 мыңнан асады. Ал кішкентай балалары бар, яғни емізетін балалары бар әйелдердің саны 60 мыңнан асады. 
Ал санитарлық дәрігерлер қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын айтты. Екпе алмаған оқушыларға оффлайн білім алуға еш шектеу болмайды. Вакцина ерікті түрде ата-аналардың келісімімен ғана жүргізілмек.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу