«Аңсаған сәби» бағдарламасының алғашқы шақалағы дүниеге келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Аңсаған сәби» бағдарламасының алғашқы шақалағы дүниеге келді

01.11.2021

Сәби сүю Дана үшін қол жетпес арман сияқты еді. Дегенмен, армандар орындалады. Тоғыз жыл күтті. Үмітін бір сәтке де үзбеді. Міне, енді кішкентай Арманды қолына алып, шаңырақ шаттыққа кенелді. 

Дана Өмірбекова, «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы балалы болған ана:

9 жылдан бері күткен қуанышымыз осы. Сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Осы «Аңсаған сәби»  бағдарламасын шығарған Президентімізге рахметімізді айтамыз. Барлық аңсаған аналарға осындай бағдарламалар арқылы көбірек квота бөлініп, ана бақытын барлығы сезінсе екен деп тілеймін.

Статистикаға сүйенсек, елімізде 10 мыңға жуық келіншек бедеулік диагнозымен есепте тұр. Жыл сайын бұл көрсеткіш көбейіп барады. Осының кесірінен әрбір алтыншы отбасы екі айырылысуға мәжбүр. 

Аяулым Қосетова, репродуктолог дәрігер:

Бедеулік бойынша ең тиімді емдердің бірі осы эко болып табылады. 2021 жылы 7 есе көп, яғни, 7 мың квота бөлінді. Яғни, 7 мың квотаның ішінде 45 пайызы эко арқылы жүкті болып, дені сау сәбиді дүниеге алып келеді деген үміттемін.

Елімізде жасанды ұрықтандыру арқылы сәбилі болу 1995 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы уақыт аралығында 16 мыңнан астам бала дүниеге есігін ашты. Ал мамандардың айтуынша, "Аңсаған сәби" бір перзентке зар болған талай отбасының үміт отын жағады.

Ләззат айтқожина, репродуктолог дәрігер:

Бұл - үлкен бақыт,баласы жоқ отбасыларға. Әсіресе, жағдайы жоқ, қолы жетпей жүрген қаншама азаматтар бар. Бұл программа қымбат программа. Екінің бірі қолы жете бермейтін программа. Әрі қарай жалғасын тапса, біздің қазақ еліне,демографиясына үлес қосқанмен тең болады.

Шағын ғана зертханадан басталған бірегей әдіс ғылыми-тәжірибелік Репродуктивтік медицина институтына айналды. Іргелі орталықтың 26 жылдағы адамзатты таң қалдырар жемісті жұмысы көрме аясында көпшілікке таныстырылды. 

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу