Мамандардың кәсіби шеберлігі-өндірістің өркендеуі мен сапалы жұмыстың кепілі. Осыны берік ұстанатын «ҚазТрансГаз» компаниясы биылғы «Үздік маман» байқауын ерекше форматта өткізді. Түркістан облысында ұйымдастырылған сайысқа өңірлерде топ жарған 92 маман қатысты. Байқау аясында жаңадан салынған Ақбұлақ оқу полигонының ашылу салтанаты өтті.
Әсел - байқауға келген 92 қызметкердің ішіндегі жалғыз әйел. 13 жылдан бері слесарь болып еңбек етіп келе жатқан ол мұндай сайысқа алғаш қатысуда. Өз өңірінде озат деп танылған маман ақтық бәсекеге тыңғылықты әзірлік жасаған.
Әсел Төреханова, слесарь /Атырау облысы/:Байқауға қатысу үшін мен көп іздендім. Талпындым. Бұл байқауға қатысу арқылы өзіміздің әріптестерімізден көптеген тәжірибелерімен бөлісемін деп ойлаймын.
Байқауда 14 мамандықтың иелері үш күн бойына өзара сайысқа түсті. Теориялық білімін танытты. Өндірістік алаңда білігі мен тәжірибесін көрсетті. Сарапшылар тапсырманы орындауға жұмсалған уақыт, жұмыстың сапасы, қауіпсіздік шараларын сақтау, сондай-ақ жарақат алғандарға дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету дағдыларын бағалады.
Бақтияр Ізбасаров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары:Ең мықтыларын, күштілерін жұмыста көтереміз қызмет баптарын. Олар өздерінің білімділігін көрсетіп, техникалық оқуға қатысып, басқаларға өз тәжірибелерін көрсетеді, оқытады, үйретеді.
Байқау қорытындысы бойынша кәсібі шеберлігін танытқан 14 маман жүлдегер атанды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлық берілді. Сондай-ақ жоғары кәсіби шеберліктері үшін жыл бойындағы жалақыларына үстемақы қосылды.
Серік Таңатарұлы, дәнекерлеуші / Жамбыл облысы/:Енді барлық нәрсе оңай келмейді. Сонда да тәжірибенің арқасында жеңісті алдым.
Жаңадан іске қосылған Ақбұлақ өндірістік полигонының аумағы 1 жарым мың шаршы метр. Мұнда автоматты газ тарату станциясы, шкафтық газ реттеу пункті және газ құдығы, дәнекерлеу бекеттері орналасқан. Оқу комбинаты базасында 48 лауазым мен мамандық бойынша 10 мың қызметкер оқытылады. Сабақтар мен емтихандар қашықтықтан жүзеге асырылады, түрлі вебинарлар өткізіледі.
Ғани Қалмаханов