Қарағандылық диқандар техника, тұқым мен тыңайтқышқа берілетін субсидияны ала алмай жүр. Ал ауылшаруашылық басқармасы болса әзірге ақша жоқ дейді. Амалы таусылған шаруалар үкіметтен көмек сұрайды.
Осакаров ауданы бойынша диқаншылықпен айналысатын 50-ге жуық шаруашылық техника, тұқым, тыңайтқышқа деген субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Жергілікті диқан Ерлан Оспанов та қолдау қорының порталын күнде қарайды. Жыл соңы таяп келеді. Ал қаражаттан еш хабар жоқ.
Ерлан Оспанов, шаруашылық жетекшісі:Шаруалар мұны түсініп жаңашылдықтарды енгізе бастады. Алған техникаларына шамамен 25 пайыз, гербицидтерге жұмсалған қаржының 50 пайызы субсидия негізінде қайтарылады деп үміттенді. Көбі несие алып, қарызданды. Алайда міне жыл аяғы жақындап қалды. Қаржыландыру болған жоқ. Бүгінгі күні тыңайтқыштар мен техникаларды алған компаниялар фермерлерден қарызды өтеуді талап етуде. Күнде «Қолдау» жүйесінің порталына телміреміз.
Облыс бойынша ауыл шаруашылығын қолдауға биыл 17 миллиар теңге субсидия қарастырылған. Соның ішінде диқаншылықты қаржыландырудың 4 бағдарламасы бойынша 3 миллиард 100 миллион теңгенің субсидиясы үлестірілген. Жыл өткен сайын шаруашылықтардың тұқым сапасын жақсартып,тыңайтқыштар пайдалануға ынтасы артып келеді. Сәйкесінше биыл тағы қосымша 1,5 миллиард теңге қажет. Бұдан бөлек техника паркін жаңартқандарға да 4 миллиард теңге демеу қаржы керек.
Сырым Бошпанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы:Басшысының орынбасары - Министрлікке қосымша қаржы сұрап хат жолданған. Енді соның жауабын күтіп отырмыз. Төленеді енді оның қазіргі қағидасы бойынша біз тыңайтқыштар мен пестицидтер үшін субсидия жылдың аяғына шейін беріледі. Осы төртінші тоқсанда кеш берілген өтінімдер бойынша келесі жылдары төлейтін боламыз.
Мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмай жүрген шаруалардың тағы бір мәселесі бар. Айтуларынша тұрақтандыру қоры үшін тапсырылатын астықтың бағасы нарықтағыдан тым төмен.
Ерлан Оспанов, шаруашылық жетекшісі:Фермерлер бұған келіспейді. Себебі нарықтағы бидайдың тоннасының бағасы 100-115 мың теңге. Ал бекткен бағалары 80-75 мың теңге ғана. Маңдай терімен өсірген астығын кім арзан өткізгісі келеді? Өйтер болса шаруалар салған егініне қарай 6-дан 30 миллион теңгеге дейін ұтылуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан баға нарықтағыдан тым төмен болмауы тиіс деп ескертілген.
Өңірде бұл бағдарлама бойынша 5 диірмен бидай қабылдайды. Биыл тұрақтандыру қорына 16 мың тонна астық қабылдау жөнінде шаруалармен келісім жасалған. Баға арзан болған соң әзірге белсенділік төмен. Қорға 1600 тонна ғана өткізілген. Бұлай жалғаса берсе ертеңгі күні әлеуметтік нан жеткіліксіз болады -дейді диқандар.
Руслан Нұрланұлы