Қазақстанда өлім жазасы қылмыстың қай түрлеріне қолданылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда өлім жазасы қылмыстың қай түрлеріне қолданылуы мүмкін

13.10.2021

Қылмыстық кодекстің он үш бабынан өлім жазасы алынып тасталады. Бүгін Мәжіліс тиісті өзгерістер енгізілген заңды қабылдады. Қазақстанда өлім жазасына 2003 жылы желтоқсанда мораторий енгізілген болатын. Бұл шешім өлім жазасын толық жойған кезге дейін қолданылады. Биыл жыл басында өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге екінші факультативтік хаттама ратификацияланған. Хаттама өлім жазасын жою үшін қажетті шаралар қабылдауға міндеттейді, бірақ ескерту жасалған жағдайда қолдануға мүмкіндік береді. Қазақстан осыны пайдаланып, ратификациялау кезінде тиісті ескерту жасады. Яғни, қылмыстық кодекстің 13 бабынан өлім жазасын алып тастап, тек 4 бабында ғана қалдырды. Енді Қазақстанда өлім жазасы соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін ғана қолданылады. Бүгін Бас прокуратура әзірлеген заң жобасы Мәжілісте бірінше оқылымда мақұлданды.

Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
Соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар ретінде өлім жазасын қолдану шектері бекітіледі.Қылмыстық кодекстің төрт бабында осы жаза сақталады. Атап айтсақ, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар соғыс әрекеттерімен байланысты болуы тиіс және соғыс кезінде жасалуы қажет.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу