«ҚазТрансГаз» ұлттық операторы Түркістан облысында екі бірдей газ өлшеу станциясының құрылысын аяқтады. Жетісай мен Шардара аудандарында орналасқан нысандардың арқасында Өзбекстаннан тасымалданатын көгілдір отынның мөлшерін дәлдікпен өлшеуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ станциялар газдың құрамын анықтап, оның сапалық көрсеткіштерін арттыра алады.
Қазақ-өзбек шекарасының шебіне салынған қос станасының әрқайсысы арқылы сағатына 834 мың текше метр газ өтеді. Нысандар замануи ең озық құралдармен жабдықталды. Қондырғылар газдың құрамында құбыр металына кері әсер ететін химиялық элементтерді, тасымалдау жүйесіне кондициялық емес газдың берілуін бақылайды. Есептеу құралдары газды ультра дыбыстық жүйеде есепке алады.
Бұған дейін елімізде мұндай газ есептеу станциялары болмаған. Өзбек жағы өздері өлшеп, есептеп жіберетін. Магистральді құбыр арқылы Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласына көгілдір отын тасымалданады.
Ернұр Ибраев, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» МГҚБ директоры:Осы станциялар арқылы нақты мәлімет алып отырамыз онлайн режимде. Нақты химиялық составты білеміз және екі мемлекет арасында түсінбеушілік болмайды.
Стансалардың құрылысы бір жылдың ішінде аяқталды. Дербес электр желісі, су ұңғымасы мен кәріз жүйесі бар. Сондай-ақ нысанның жанынан қызметкерлер үшін вахталық ауылдар салынды. Онда жұмысшылардың тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Олар ауысымнан кейін жайлы ортада дем алады.
Ғани Қалмаханов