Анталия қаласында Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрі өнер көрсетті. - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анталия қаласында Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрі өнер көрсетті.

21.09.2021

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Түркияның Анталия қаласында Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Таяуда Ыстамбұл қаласында өтетін дүниежүзі қазақтары кіші құрылтайы аясындағы мәдени шараны тамашалауға жергілікті көрермендермен қатар Түркияда тұратын қазақстандықтар да көптеп жиналды. Осы елдегі тілшіміз Айдос Әшімұлы баяндайды.

Ән мен күй кеші індеттен қайтыс болғандарды еске алып, бір минут үнсіздікпен басталды. Екі елдің әнұраны орындалған соң Қазақстаннан арнайы келген Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбеков кіші құрылтайдың осындай өнер кешімен басталуы игі дәстүр екенін атап өтті. Пандемияның кесірінен екі жылға жуық жабық тұрған Аспендос сарайында мұндай ауқымды концерт биыл бірінші рет өтіп тұр. Жергілікті басшылар бауырлас елден ұсыныс түскенде бас тарта алмадық дейді.

Бушра Өздемир,   Анталия провинциясы әкімінің орынбасары:
Біз екі мемлекет болсақ та бір елміз. Сондықтан Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы біздің де мейрамымыз. Бауырлас елдің осындай концертін өткізу біз үшін де үлкен мәртебе.

Қарағандылық Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің өнерпаздары қазақтың ән күйін нақышына келтіре орындап қана қоймай, ұлттық аспаптармен түріктің де әндерін шырқағанда жергілікті көрермен таңданысын жасыра алмады.

Фехиман Өзел,   көрермен:
Концерт мен күткеннен де жоғары деңгейде өтті. Рухым тазарып қалды десем болады. Мен қазақ өнерін, әсіресе домбыра үнін қатты жақсы көрем. Интернеттен әрдайым тыңдаймын. Өзім бірнеше рет Астана мен Алматыда болғам.

Кешті ұйымдастырған Түркиядағы Қазақстан және Еуразия халықтары достығы қорының төрайымы Ақмарал Ғабдиева да өнерден алыс емес. Атақты күйші Рысбай Ғабдиевтің қызы. Содан да болар қазақстандық өнерпаздардың Түркияда өнер көрсетуіне әрдайым қолдау көрсетіп жүреді.

Ақмарал Ғабдиева, Қазақстан және Еуразия халықтары достығы мен мәдениеті қорының төрайымы:
 Екі жылдан бері жабық тұрған осындай симфониялық оркестр залын бізге бергеніне өте қуанып тұрмын.

 Екі сағатқа жуық көрерменді ән мен жырға бөлеген өнерпаздарды халық сахнадан жібермей ұзақ қошамет көрсетті. Сый-сияпаттарын жасап, ризашылықтарын білдірді. Тәттімбет атындағы оркестр алдағы күндері Түркияның тағы бірнеше қаласында концерт беріп, жергілікті халықты қазақ өнерімен сусындатпақ.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу