Елордада 3 ай бойы вакцина паспортын қолдан жасап сатқандар ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 3 ай бойы вакцина паспортын қолдан жасап сатқандар ұсталды

17.09.2021

Елордада 3 ай бойы вакцина паспортын қолдан жасап сатқан 3 адам ұсталды. Олар 38 және 40 жастағы 2 медицина қызметкері мен біреуінің 44 жастағы күйеуі. Полиция өкілдерінің айтуынша, күдікке ілінген медицина қызметкерлері соңғы үш ай бойы ешқандай екпе жасамай-ақ, вакцинация паспортын жасап сатып келген. Ақысын алдын ала алған оларға тұрғындар құпиясөз арқылы хабарласып отырған. Қазір күдіктілерге жүгінгендердің саны анықталып жатыр.

Жалпы елімізде жалған ПТР тестілеу мен паспорт жасау бойынша 156 іс қозғалды. Барлық анықталған фактілер бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сотқа 20 қылмыстық іс жолданды. 17 адамға қатысты айыптау үкімі шықты. Олар 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда ПТР тестінің оң нәтижесі анықталғаннан кейін, карантиндік талапқа бағынбағандар анықталды. Олар науқастанғанына қарамастан үйде оқшауланбай ойын-сауық орталықтарын, қоғамдық тамақтану обьектілерін, халыққа қызмет көрсету мекемелерін аралаған. Айналасына қауіп төндірген бұл азаматтарға 87 510 теңге айыппұл салынды. Сан-эпидемиолог мамандар ауырған жағдайда, өзгеге инфекция таратпай әбден емделгенше үйде отыру тиіс екенін тағы бір еске салды.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу