Келес өзені ауылға қауіп төндіріп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келес өзені ауылға қауіп төндіріп тұр

16.09.2021

Түркістан облысындағы Келес өзенінен жағалаудағы ауылдарға қатер төніп тұр. Өзеннің Қазығұрт ауданы аумағындағы тұсы тағылықпен тоналып жатыр. Табиғаттың байлығын табыс көзіне айналдырғандар табанынан қиыршық тас пен құмды артығымен алып, жағалаудағы жарқабақтың құлауына сеп болуда.

Кезінде екі жағалауы ну тоғай болған Келес өзенінің арнасы бейне бір жер асты дүмпуі болған апат орны секілді. Бейберекет қазылған қиыршық тастар майда төбешік аралдарға айналған. Салдарынан арна іздеген ағыс жағалаудағы жарқабақты құлатып, іргедегі үйлерге қауіп төндіріп тұр.

Іргедегі «Келес» Сарапхана ауылы үшін үрей ошағына айналды. Жағалау ауыл шетіне тақап-ақ қалды. Әсіресе көктемде қар ерігенде асау ағыс ешетемеге ырық бермей кетеді. Қазыла-қазыла өзеннің табаны тереңдеп кеткендіктен есік алдындағы құдықтың суы да тартылып барады.

Әбдіқадыр Көлбаев, ауыл тұрғыны:
Екі жылда ана беттен осы жерге келді. Екі жылда. Енді көктемде шайып кетуі мүмкін. Тамдар бар бәрін шайып кетеді.

Төрт түлігін күнде өзеннің арғы бетіндегі өріске айдайтын ауыл тұрғындары өзеннен жанын шүберекке түйіп әрең өтеді. Өйткені табаны тегіс емес. Арнаның терең шұңқырға айналған тұстыранан мал тұрмақ адамның өзі жанталасып, әупіріммен шығады.

Тәттігүл Айтуова, ауыл тұрғыны:
Кешке таман тура осы жерді басады. Таң атқанша қазады. Зияны сол мал түседі, шұңқыр-батпақ, мал өледі бұл жерде.

Келес өзенінің табанынан құм мен қиыршық тас алуға Қазығұрт ауданы бойынша екі кәсіпорнның ғана рұқсаты бар. Алайда алақан жайған эксковаторлар әр ауылдың тұсында тұр. Тексерушілердің қарасы көрінсе, иелері техниканы тастай қашады. Көзін ала бере шаруасына қайта кіріседі. Жыл басынан бері заңсыз тас алушылар тек он рет қана қолға түскен.

Аян Көшкінбай, Қазығұрт ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
Сол он деректің 7-еуі облыстық экологиялық департаментіне жолданып, айыппұл салынды. Бүгінгі таңда 800 мың теңгеге жуық айыппұл салынып отыр. Сонымен қатар 3 дерек экология департаментінде қаралу үстінде.

Ауданда жер қойнауын қазатын және құрылыс материалдарын таситын ауыр көліктер есепке алынуда. Бүгінге дейін 95 техниканың иесіне заңсыз іспен айнылсқаны үшін ескерту берілді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу