К. Мәсімов допингке қарсы зертхананы құруға қаржы тарту мәселесін тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

К. Мәсімов допингке қарсы зертхананы құруға қаржы тарту мәселесін тапсырды

21.06.2016
К. Мәсімов допингке қарсы зертхананы құруға қаржы тарту мәселесін тапсырды

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қазақстандық ауыр атлеттерге қатысты допинг дауы бойынша тиісті шараларды қабылдауға тапсырма берді.

«Біздің және ресейлік спортшылар, сондай-ақ жалпы олимпиадалық қозғалыс тұрғысында допинг дауы айналасында өте көп мәселе көтерілуде. Қазіргі кезде біздің команда Олимпиада ойындарына және басқа да ірі жарыстарға қатысуға дайындалуда. Сондықтан да, мен ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетіне, Құлыбаев мырзаға (ҰОК президенті Тимур Құлыбаев) тиісті өтінішті жолдағым келеді. Бізге спортшыларымыз осы сынақтан лайықты деңгейде өтуі үшін барлық шараны істеуіміз керек», - деді Үкімет басшысы Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қаратып айтқан сөзінде.

К. Мәсімов бірінші кезекте жақсы зертхананы сатып алу үшін жеке демеушілерді тарту мүмкіндігін тапсырды.

«Біздің спортшылар жарыстарға қатысар алдында осы тестілеуден өтуі керек. Яғни, бұл шаралар кейіннен тосын жағдай орын алмас үшін қажет. Сонымен қатар, спортшылар бұл сынақтан өткен кезде өздеріне сенімді болуы үшін де керек болып тұр», - деді ол.

Хабарламаларға жазылу