Ғалымдардың жалақысын көтеретін заң жыл аяғында дейін дайын болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғалымдардың жалақысын көтеретін заң жыл аяғында дейін дайын болады

06.09.2021

Отандық ғалымдардың жалақысын көтеретін заң жобасы жыл аяғына дейін дайын болады. Қазір, құжатқа тиісті өзгертулер енгізіліп жатыр. Бүгін Президенттің Жолдауында айтылған ғылымды дамыту жөніндегі міндеттерге тоқталған Білім және Ғылым министрлігі, Ғылым комитетінің төрағасы осылай деді. Жанна Құрманғалиеваның сөзінше, қазақстандық ғылымдағы басты мәселелердің бірі – ғалымдар жалақысының тұрақсыздығы. Айлықты олар тек, ғылыми конкурстарға қатысып қана алады. Ал, байқау 3 жылда 1 рет өтеді. Сондықтан, ғылыми дәрежесі дардай қызметкердің жұлдызы жанбаса, жалақыдан құр қалатын. Енді, түйткілді мәселенің түйіні тарқатылады,-деді ол.

 Жанна Құрманғалиева, ҚР БҒМ ғылым комитетінің төрағасы:
Ғалымдардың Жолдауда ерекше назарын аударып, бізге жүктелген тапсырма ғалымдарға лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу. 2020 жылы ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңге құрады. Сондықтан, Мемлекет басшысының осы тапсырмасы бойынша біз қазір заңға тиісті өзгерістер енгізу бойынша Қаржы министрілігімен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз.

Сондай-ақ, осы брифингте Отандық QazVac вакцинасының үшінші кезеңінің барлық клиникалық зерттеуі аяқталғаны мәлім болды. Коронавирусқа қарсы QazVac қазақстандық вакцинаның авторы Күнсұлу Закарьяның сөзінше, шілденің соңына дейін талдау нәтижесі өңделіп, мәліметтердің статистикасы жасалған. Қазіргі күні қорытынды есеп Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сараптауынан өтіп жатыр, әзір нәтиже келген жоқ деген Күнсұлу Закарья, алғашқы отандық вакцинаны клиникалық зерттеу сәтті жүргізілгенін жеткізді.

Армангүл Тоқтамұрат

Хабарламаларға жазылу