Қазақстан Азия-Тынық мұхиты елдерімен сауда-саттықты көбейтуге мүдделі. Бұл орайда Еуразиялық Экономикалық Одақтың рөлі ерекше. Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі мемлекет ретінде Ресейдің қиыр шығысымен қарым-қатынасты да күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев VI Шығыс экономикалық форумы барысында айтты. Мемлекет басшысы жиынға бейнебайланыс арқылы қатысты. Сондай-ақ бұл басқосуда Ресей, Моңғолия, Қытай, Үндістан елдерінің президенттері де сөз сөйледі.
Қиыр Шығыстағы ауқымды форум 2015 жылдан бері өтіп келеді. Осы уақыт ішінде ірі экономикалық, саяси мәлімдемелер айтылып, мәмілеге келетін алаң ретінде қалыптасып үлгерді. VI форум былтыр қыркүйектің басында өтуі керек еді. Алайда корновирус кедергі келтірді. Мемлекет басшысы Қазақстан үшін бұл аймақтың стратегиялық серіктес ретінде маңызы зор екенін айтты. Өйткені өңір Еуразия құрлығын қарқынды дамып келе жатқан Азия Тынық Мұхиты аймағымен түйістіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел ретінде өзінің аталған аймақпен қарым-қатынастарын күшейтуді жоспарлап отыр. Мұндай қадам еліміздің Азиядағы серіктестерімен арадағы байланыстарға зор мән беретінін көрсетеді. Біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз, ұлы еуразиялық алпауыт ел – Ресей Федерациясымен жан-жақты ынтымақтастық орнату Қазақстанның еуразиялық стратегиясының негізгі элементі.
Байланысты бекітудің негізі алыс-берісті көбейту. Ол үшін әрине көлік инфрақұрылымын дамыту аса қажет. Бұл орайда қос құрлықты жалғап жатқан Қазақстанның әлеуеті зор. Мемлекет басшысы осы бағыттағы ұлттық жобаларымызды Еуразиялық экономикалық одақ және Қытай елінің «Бір белдеу, бір жол» бастамаларымен ұштастырудың маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан транзиті өзінің экономикалық тұрғыдан тартымдылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру ісін жалғастыра береміз. Атап айтқанда, ҚХР-мен арадағы транзиттік қатынастарды кеңейту үшін Достық – Мойынты жаңа темір жол бағытының құрылысын бастаймыз. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады.
Қазақстан мен Ресей - Құдай қосқан көрші. Құрлық бойынша шектесетін ең ұзақ шекара да арамызда жатыр. Мемлекет басшысы қос елдің сан түрлі салада табысты жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Жыл сайын өтетін Өңіраралық ынтымақтастық форум да бар. Қос елдің бірлесіп атқаратын, әрі бірлесіп пайда таба алатын бағыттың бірі - ауыл шаруашылығы. Қасым-Жомарт Тоқаев мұқтаж адамдарды сапалы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін бірлесе күш жұмылдыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан мен Ресейдің салалық ведомстволары ауыл шаруашылығы өнімдерін үшінші елдердің нарығына шығару мақсатында күш жұмылдыру мүмкіндігін қарастыра алар еді. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚХР-ға экспорттау үшін номенклатураны кеңейту мәселелері бойынша Қытаймен жұмыс істеп жатыр. Азық-түлік тасымалдау саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық көлік-транзит саласы сияқты өңірлік кооперацияны дамытудың тиімді үлгілерінің бірі бола алады.
Қазақстан Азия-Тынық мұхиты аумағындағы елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Бұл аумақта Қытай, Оңтүстік Корея секілді қуатты елдермен де көптеген ортақ жобалар жүзеге асып жатыр. Осы аймақтағы елдермен арадағы тауар айналымы былтыр 43 миллиард доллардан асты
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жалпы, шетел инвестициясын тарту – еліміздің экономикалық саясатының сөзсіз басымдығы. Тіпті былтырғы дағдарыстың өзінде Қазақстанға тартылған инвестицияның көлемі 35 пайызға артты. Сауда-саттықты одан әрі дамытып, оның географиясын кеңейту үшін әлеуетіміз жетеді деп санаймын. Осы ретте, әлемдік сауда-экономикалық қоғамдастықта маңызды орын алуға уәде беріп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың рөлін ерекше атап өту керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумдағы өзекті тақырыптардың бірі ретінде көміртекті азайта отырып дамуға көшуді атады. Қазір көмір өнеркәсібіне салынатын инвестиция мен мұнай-газ секторын қаржыландыру азайды. Мемлекет басшысы осыған байланысты туындауы мүмкін қиыншылықтарға баса мән берді. Оның пікірінше, бұл елдеріміздің экономикасына қатер төндіреді. Мұның салдары ресурс тапшылығына, инфляцияға және тұрмыс деңгейінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Аталған мәселеге барынша прагматикалық тұрғыдан, мүмкіндігінше, үйлесімді тұрғыдан келу керек деп есептеймін. Алдағы уақытта әрбір ел технологиялық және экономикалық құрылыс трансформациясына байланысты қиыншылықты бастан өткереді. Бұл, әрине, ұлттық экономикаға қауіп төндіреді. Бірақ бұл қатерді тек өңірлік, әсіресе жаһандық деңгейде бірлесе жеңуге болады.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, елеулі технологиялық прогресс пен тұрмыс сапасының артуына қарамастан, қауіпсіздік тұрғысынан әлем одан сайын әлсіз бола түскенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Еуразия – «біздің ортақ үйіміз» деген ұстанымды қолдайды. Біз барлық сала бойынша сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз. Керемет құрлығымыздағы мемлекеттер өзара тиімді сауда-саттық пен экономикалық ынтымақтастық арқылы ортақ әрі жарқын болашақ идеясы жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қоғамдастық бола алар еді. Мұндай әдіс өңірлік және жаһандық кооперацияны дамытуға, экономикадағы өсімнің жаңа көздерін қалыптастыруға тың серпін беретіні сөзсіз
Форум аясында Қазақстан Үкіметі мен СБЕР компаниялар тобы арасында цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне көшу жобалары мен Data-Driven Government тұжырымдамасын жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Президенттер бұл жоба екі мемлекеттің бір-біріне деген сенім білдіретінін атап өтті және оның стратегиялық бастама екеніне назар аударды.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Бүгінгі бірлескен жұмыстар жемісті әрі нәтижелі болады деп санаймын. Бұл елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы толыққанды әрі маңызды серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Маңызды бастамалар көтерілген Владивостоктағы форум ертең де жалғасын табады. Жиында бизнес, туризм, цифрландыру сынды ауқымды тақырыптар талқыға түспек.
Шерхан Жамбылұлы
