Алматыда лак-бояулар сақталған қойма өртке оранды. Өрт туралы ақпарат Қалалық төтенше жағдайлар департаментіне бүгін таңғы сағат 07:45-тер шамасында түскен. Мамандар қызыл жалынды жеті сағаттан кейін ғана ауыздықтады. Мекеменің хабарлауынша, адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ.
Бұл қойма Жетісу ауданындағы Орманов көшесінде орналасқан. Оның жалпы көлемі 450 шаршы метр. Оның ішінде 200 тоннадан астам химиялық бояулар болғандықтан, өртті өшіру қиынға соққан. Сонымен қатар қоймаға жақын орналасқан тұрғын үйлер көп. Абырой болғанда, оларға оттың зияны тиген жоқ.
Ольга Рудковская, куәгер:
Ұйқыдан тұрып, жуынбастан далаға шығып кеттім. Себебі менің үйім қоймаға жақын орналасқан. Сыртқа шықсам дала көк түтін екен. Бірден осы жерге келдім. Бірақ ешқандай жағымсыз иіс болмады. Адамдары дін аман.
Халида Қасымова, куәгер:
Менің ойымша, краска болғаннан кейін, ішінде ацетон бар, бензин бар. Сол үшін күйіп жатқан шығар. Қорықпасақ та, қорықсақ та келдік.
Төтеншеліктердің сөзінше, өртті сөндіру үшін 30-ға жуық техника мен 70-тен астам адам жұмылдырылған. Қойма маңы толықтай қоршалып, қауіпсіздік шаралары да сақталды. Таңертеңнен бері мұнда тікұшақтардың көмегімен 50 тоннадан астам су төгілген.
Серік Әубәкіров, Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
Қоймада жанғыш заттар өте көп болған. Сондықтан оны сөндіру қиын болды. Сонымен қатар үздіксіз жарылып жатқан заттар кедергі келтірді. Біздің қызметкерлер өміріне қауіп төнсе де жұмыс істеді.
Қоймадан шыққан от түстен кейін сағат 4-тің шамасында толық өшірілді. Ал өрттің неден шыққандығы әзірге белгісіз. Мамандар оның себебін анықтауға кірісті.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ