Алматыдағы қосымша стационарлар науқастарға толы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы қосымша стационарлар науқастарға толы

24.08.2021

Алматыда коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты ашылған қосымша ковидтік стационарлар науқастарға толы. Мәселен, қаладағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь 5-мәрте науқастарды қайта қабылдап жатыр. Қазір орталықта 100 төсек орын жасақталған. Емдеу мекемесіндегі күрделі ахуалды алматылық әріптесім Қуан Нұрақын көріп қайтты.

Өткен аптада ауыр хәлде ауруханаға түскен Серік Смайылов қорқынышты күндердің артта қалғанын айтады. Тамыз айының басында тамағы ауырып бастаған. Дене қызуы көтеріліп, түспеген соң жедел жәрдем шақыртыпты.

 Серік Смайылов, қала тұрғыны:
 КТ 4 процент көрсетті. Жедел жәрдем келемін дегенше бұл пәле өсе береді екен. 16 процентке өсіп кетті. Осы жерде емделіп шықтық. Құдайға шүкір. Қазір жағдайым жақсы. 

Мәулет Ысқақов та басында ауруға аса мән бермегенін айтады. Уақыт өте келе індет алқымынан алып, тыныс алуы нашарлай бастаған. Өз бетімен емделуге әрекет жасағанымен керісінше асқындырып алдым дейді.

Мәулет Ысқақов, қала тұрғыны:
 Өзіңізді жайсыз сезіне бастасаңыз, бірден дәрігерге жүгіну қажет. Өз бетімен емделу дегенді мүлдем ойламаған дұрыс. Мұның арты қайғылы жағдайға апаруы мүмкін екендігіне көзім жетті.

Соңғы екі айда орталықта коронавирус жұқтырған 450 науқас емделіп шықты. Бас дәрігердің сөзінше, вирустың мутацияға ұшыраған түрі өкпені жылдам зақымдайды. Айналасы бес-алты күннің ішінде адамға дем жетпей, тез ентігіп қалатынын айтады.

Дамир Дәулетбаев, ҰОС арналған республикалық клиникалық госпитальдің бас дәрігері:
Өздері көршілерден, интернеттен басқалардан ем алып, асқынып түсіп жатыр. Сол себепті ешқандай емшілерге бармай. Ауырды ма бірден поликлинкаға, жедел жәрдемге хабарласып, дәрігерлердің бақылауында болса. Сол кезде ем нәтижелі болады. 

Орталық осымен бесінші мәрте COVID-19 жұқтырған науқастарды қабылдап жатыр. 140-қа жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Коронавирусқа шалдыққандардан бөлек, мұнда жыл сайын 3мыңға жуық соғыс ардагері ем алады.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу