Басты Жаңалықтар Жазғы лагерь кезінде бассейнге батып кеткен қыздың ата-анасы брифинг өткізді

Жазғы лагерь кезінде бассейнге батып кеткен қыздың ата-анасы брифинг өткізді

 «Ханшатыр» орталығындағы бассейнде суға кетіп, қаза тапқан бүлдіршіннің ата-анасы қызы оқыған мектептің директоры мен сынып жетекшісін сотқа бермек. Өйткені мектеп басшылығы қайтыс болған оқушының өмірі мен денсаулығына қатысты жалған ақпарат таратқан.

 

Мұндай әрекетке мектеп әкімшілігінің оқиғаға қатысты БАҚ-та жарияланған сұхбаты себеп болған. Атап айтсақ, №10-мектептің директоры мен сынып жетекшісі «қайтыс болған баланың денсаулығында ауытқу болған» деп айтқан. Алайда қыздың әкесі Ермек Қабылов мұны жоққа шығарып отыр. Оған дәлел ретінде 8 жасар баласының денсаулық паспортын көрсетті.

 

Ерназар Есенов, отбасылық адвокат: 

 

Біз өз тарапымыздан тиісті мекемелерге хат жазып, ауруханадан баланың медициналық картасын алдырдық. Ондағы жазбалар №10 мектеп-гимназия директоры мен сынып жетекшісінің айтқанын жоққа шығарады. Сондықтан біз оларға қатысты азаматтық іс қозғау туралы арыз дайындап жатырмыз. Бұл шара қаза тапқан баланың және оның отбасы мүшелерінің ар-намысы мен заңды мүддесін қорғауға бағытталған.

 

Қайғылы оқиғаға байланысты тергеу құпия өтіп жатқандықтан, қылмыстық іске қатысты нақты деректер айтылмады. Қаза тапқан қыздың әкесі де осы себептен қандай да бір ақпаратпен бөлісуден бас тартты. Тек сол мектепте оқыған екінші қызының енді ол жерде білім алмайтынын айтты. 

 

Ермек Қабылов, қайтыс болған оқушының әкесі:

 

Осы оқиғаға әлдекім кінәлі деп айта алмаймын. Өйткені ол жерде мен өзім болмадым. Сондықтан біреуді айыптай алмаймын. Тек тергеу мен тексеру амалдары әділ өтіп, кінәлілер тиісті жазасын алсын деген үмітім бар.

 

Желіге тараған жалған ақпарат қайғы жамылып, жығылған жанұяға жұдырық болып тиді. Оған шыдамаған отбасы, Білім және ғылым министрлігіне де арыз жазған. Тек осы әрекеттен кейін ғана, министрлік тарапынан лагерьдің қызметіне жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырылды.

 

Ержан Ерсайынов, ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы:

 

Түсініктеме сынып жетекшісінен, директордан алынды. Сондықтан, әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес, жауапкершілік қаралатын болады. Шешім қабылданған жоқ әлі, Министрлік тарапынан протокол шығарылады. Әрі қарай сот қарайды. Оған 5 АЕК қарастырылған.

 

Әзірге бүлдіршіннің көз жұмғанына 40 күн де өте қоймады. 2 қылмыстық іс қозғалған тергеу амалдары әлі жүріп жатыр. Ал министрліктің тарапынан әкімшілік жауапқа тартылған мектеп әкімшілігіне алдағы уақытта өзге де жаза қолданыла ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

Бөлісу