Алматыда карантинді бұзғандардың тізімі жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда карантинді бұзғандардың тізімі жарияланды

13.08.2021

Алматыда «қызыл» мәртебесі бола тұра «Ashyq» жобасымен жұмыс істейтін нысандарға кірмек болған 114 тұрғын жазаланды. Үй карантинін бұзғандардың әрқайсысына 87 мың 500 теңге айыппұл салынды.

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тәртіп бұзғандардың атын атап, түсін түстеп тұрып, тізімін жариялады. Қаулыға сәйкес коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар да өзін-өзі оқшаулау режимін қатаң сақтауы тиіс. Өткен аптада 86 тұрғын дәл осылай жазаланған болатын. Мамандар ем қабылдап жатқан науқастарға арнайы статистика жүргізіп, жансақтау бөлімінде жатқандардың басым бөлігі вакцина алмағандар екенін айтты.

Ілияс Сағиев, қалалық №8 емхананың дәрігері: 
Вакцина алғандардың өзінде адам егер вирусты жұқтырып, белгілі бір симптомдар пайда болса вакцина салдырмаған адамдарға қарағанда жеңіл түрде өтеді. Ауыр түрдегі науқастардың 95 пайызы вакцина салмаған адамдар. Біз сол себепті вакцинаның көмегін өз көзімізбен көріп отырмыз. 

Айта кетсек, қазір Алматыда 6 мыңға жуық адам стационарларда ем қабылдап жатыр. Олардың 229-ы бала. Соңғы тәулікте қалада 1500-ден аса адам вирус жұқтырды. 400 науқас жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысып жатыр. Амбулаториялық бақылауда 12 600 тұрғын бар. Бір күнде 6260 алматылық вакцина салдырды. Ал мегаполис бойынша екпе алғандардың саны 800 мыңнан асты.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу