Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді

04.08.2021

Токио Олимпиадасындағы қоржынымыз бүгін тағы бір медальмен толықты. Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев қола жүлде ұтып алды. Осылайша, ұлттық құрамамыз 4 қоламен жалпы есепте 75-ші орында тұр.

 Ұлттық құрама капитаны, олимпиадаға еліміздің туын көтеріп барған Қамшыбектен жанкүйерлер көп үміт күткен. 91 келіден жоғары салмақта сынға түскен боксшымыз да осыған дейін екі қарсыласын оңай жеңген. Бүгін жартылай финалда америкалық Ричард Торрезбен қолғап түйістірді. Кездесуді өте белсенді бастаған отандасымыз екінші раундтың соңында нокдаун алып қалды.

Осы соққыдан кейін Қамшыбек жарақат алып, үшінші раундта жарыс тоқтатылды. Осылайша, ол өзі қатысқан алғашқы олимпиадада үшінші орын иеленді. Ал, Токиоға барған боксшыларымыз арасынан қазір Сәкен Бибосынов қана жарыс жолында қалды. Ол ертең жартылай финалда бақ сынайды.

Тағы бір отандасымыз Нұрислам Санаев қола жүлдеге таласпақ. 57 келіге дейінгі салмақта күресетін ол жарысты сәтті бастаған. Тіпті, ширек финалда әлем чемпионы жапониялық Юки Такахашиді ұтқан. Жартылай финалда үндістандық Рави Кумармен белдесіп, 9:2 есебімен алға да шыққан. Алайда, кездесудің орта тұсында аяғынан жарақат алып қалды.

Осыдан кейін үнділік балуан түрлі әдіске көшіп, Нұрисламды таза жеңіп кетті. Енді Санаев ертең Олимпиаданың қола медалі үшін күреседі. Қарсыласы да ертең белгілі болады. Ал, қазір ұлттық құрамамыз 4 қола медальмен 75-ші орында тұр. Көш басында Қытай, АҚШ, Жапония келеді.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу