Қостанай облысында 65 ауылдың әкімі сайланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 65 ауылдың әкімі сайланады

25.07.2021

Қостанай облысында бүгін жергілікті тұрғындар 65 ауылдың әкімін сайлайтын болады. Дәл қазір осы өңірдегі тілшіміз Дәуренбек Әбдібек бізбен тікелей байланыста. Дәуренбек, сайлау науқаны қалай өтіп жатыр?

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Біз қазір Қостанай ауданына қарасты Садчиков ауылында тұрмыз. Мұнда сайлау науқаны қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Әрине, қазіргі ахуалға сәйкес сақтық шараларына баса мән беріледі. Кіреберісте келушілердің алдымен дене қызуы өлшенеді. Содан кейін міндетті түрде бәріне медициналық маска мен резеңке қолғап беріледі. Садчиков округінде барлығы 3 мыңнан аса тұрғын болса, соның 1600-ден астамы дауыс беру құқына ие. Тұрғындар таңертеңнен бері толасыз келіп өз таңдауларын жасап жатыр.

Алтын Ержанова, Садчиков ауылының тұрғыны:
Бүгінгі әкім сайлауы тұрғындардың таңдауымен елімізде алғаш рет өтіп жатқандықтан бұған үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Бүгін таңдалатын әкім шынымен халықтың сөзін сөйлейтін, өзіне сенімді, білмді және ауылдың жағдайын түсінетін, болашағына үлкен жауапкрешілікпен қарайтын адам болуы тиіс. Нағыз халықтың қалаулысы болсын деген сенім артамыз. Мемлекет тарапынан үлкен қадам жасалды, ендігі әрекет бізден Тек сәттілік тілеймін!

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Жалпы Қостанай облысында 147 кандидат тіркелген. Оның 60-сы саяси партиялар атынан додаға түссе, 80-нен астамы өзін өзі ұсынғандар.


Хабарламаларға жазылу