Алматыда жүз жасаған ардагер журналист тұрады. Әлі де санасы сергек, жады мықты апамызды кейінгі ұрпақ ісіне адал, жұмысына тиянақты, өз ісінің кәсіби маманы ретінде біледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаламгерді ғасыр мерейтойымен арнайы құттықтады. Әріптесім Қуан Нұрақын әдемі қартайған қарияның шаңырағында болып қайтты.
Ханымбүбі Ақжолованың тек көзінің көруі нашарлағаны болмаса әлі де тың. Дене шынықтыруын жасап, радио тыңдап, теледидар көргенді ұнатады. Күні бүгінгі дейін қолынан газет-журналын тастамапты.
Света Айткелдіқызы, Х.Ақжолованың қызы:
Екі журнал, бес-алты газетке жазылып, соны анам қуана-қуана үйге әкелгенде соның бәрін оқымай, бітірмей көңілі көншімейтін.
Ардагер журналист өжеттігінің арқасында соғыс жылдары қазіргі Әл-Фараби ұлттық университетіне оқуға түсіп, 1947 жылы тәмамдайды. Сол жерде Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Мәулен Балақаев сынды тұлғалардан дәріс алған. Еңбек жолын сол тұстағы «Социалды Қазақстан» газетінде тілшіліктен бастаған. Алайда ауылға қайтқысы келген анасын жалғыз тастамай, туған жеріне, Жамбыл аудандық газетке ауысады. Жазудан тәжірибесі бар редактор алғашқы күннен-ақ құлшынып жұмысқа кірісіп кеткен.
Жұмаш Арғынбайұлы, журналист, Х.Ақжолованың шәкірті:
Бұл кісінің өте тиянақты, мұқият және өте жауапты талап қойғыш адам екенін білдім. Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі қай колхоз, совхоз болсын, оның басшысы кім. Партия ұйымының хатшысы кім. Кәсіподақ ұйымының хатшысы кім? Қандай озаттары бар. Бәрін жатқа біледі. Бұл кісінің ақыл-кеңесін алмаған, алдынан шәкірт ретінде тәрбие алмаған адам кемде-кем.
Ханымбүбі Ақжолова үнемі шәкірттеріне қамқорлық көрсетіп отырған. Жазуына, ісіне өте сақ болуы үйретуден еш жалықпапты. Ғасыр жасаған қария тілшілік тіршілікте небір ауыртпалықты бастап кешіріп, кәсібіне адал бола білді.
Света Айткелдіқызы, Х.Ақжолованың қызы:
Ол кезде машина жоқ. Редакцияның бір аты бар. Сол атқа мініп колхоз, совхоздарды аралап, өздерінің мәліметтерін алып. Бәрін келіп сұрап, қазбалап. Партияның бюросында соның бәрін айтып, ағын ақ деп, қарасын қара деп.
Бүгін мерейтой қарсаңында қаламгердің «Бір ғасыр биігінде» атты кітабының тұсаукесері өтті. Салтанатты шарада ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Алғыс хатын табыстады. Өз кезегінде Ханымбүбі Ақжолова да жиналғандарға зор ризашылығын білдірді.
Қуан Нұрақын