Бас қаланың тұрғындары бас санитарлық дәрігердің қаулысын елейтін емес. Тіпті, карантиндік шектеу шараларына қарамастан ойын-сауық орындарының да есігі уақытылы жабылмай тұр. Өткен тәулікте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен әкімдік өкілдері және елордалық полиция қызметкерлерінен құралған мобильді топ 65 кәсіпкерлік нысанды тексерді. Рейд барысында 8 нысанның карантин талаптарды бұзғаны анықталды. Оның ішінде компьютерлік клуб, кинотеатр және клиенттерге кальян қызметін көрсеткен екі мекеме бар.
Ерік Мажыбаев, «Есіл» ауданы полиция басқармасының учаскелік инспекторы:
Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймақта, сол себепті біз мобильдік топпен бірлесе отырып түнгі рейдттік жұмыстар жүргізу барысында 2 нысанға хаттама толтырылды. Бұл материалдар санитарлық-эпидемиологиялық мекемеге жолданады. Соған сәйкес 650000 теңге айыппұлдарын салынады.
15 шілдеге дейін Елордада карантиндік талаптарды бұзғаны үшін 786 жеке және заңды тұлғаларға жалпы сомасы 159 миллион теңге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мамандар эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыз, ауру жұқтырғандардың саны күн санап артып бара жатқандығын айтып дабыл қағуда. Сондықтан барлық санитарлық нормаларды сақтап, өзіңізге және жақындарыңызға жанашыр болуға шақырады.
Серік Жұмабек