Түркістан облысындағы Жамбыл ауылының тұрғындары суға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы Жамбыл ауылының тұрғындары суға зәру

15.07.2021

Шөлге айналған ауыл. Түркістан облысындағы екінші Жамбыл елді мекенінде жұрт ағын судың жоқтығынан есік алдындағы тал-дарақ пен бау-бақша қурап, қалғанын ел малға жегізіп отыр. Жермен жан баққан ауылдың ер азаматтары отбасыларын тастап, өзге жерде диқаншылық жасауға мәжбүр. Ал артында қалған бала-шаға үйді-үйге үш күнде бір келетін ауыз суды үнемдеп жиып, азын аулақ малдың шөлін қандырудың қарекетімен әуре.

Ерлан Әлібетовтің шілдеге дейін жайқалып өскен жүгері алқабы пісіп, орылмай жатып малдың жайылымына айналды. Өйткені судың жоқтығынан қурай бастаған. Көктемнен бергі еңбек зая кетті. Онымен қабаттасып енді малға су тауып беру мұңға айналды. Жабылып жүріп құбырға екі-үш күнде сағаттап қана келетін ауыз суды тамшы қалдырмай жиып алады.

Ерлан Әлімбетов, ауыл тұрғыны:
Бөшкеге құйып аламыз суды, одан бөшкеден алып қазанға құямыз. Малды қолма-қол әкеп осыннан сурамыз. Күннің ыстығында ол қайнайды. Қайнаса да ішеді лаж жоқ. Өле ма ол мал!

Ел Қыпшақ ауыл атап кеткен елді мекендегі 200-ге тарта отбасының көктемнен бергі көрген күні осы.

Рахия Әбдіхалықова, ауыл тұрғыны:
Өзіміз суды тостақ, банкамызға дейін құйып алып ішеміз. Ал мал ше? Мал қайдан алады. Қурап өледі олар. Уже көтерім болып жатыр бес-алтауы басын көтере алмай.

Іргедегі каналға ағын су келмейді емес, келеді. Айына небәрі үш күн ғана. Онда да құлақтың соңы болған соң мардымсыз су. Не мал ішіп жарымайды, не бақшаға жетпейді. Диқаншылықты кәсіп еткен азаматтар үйін тастап, биыл өзге ауылдарда еңбек етіп жүр.

Тәжібай Байрабаев, ауыл тұрғыны:
Біздің ауылыдң 70-80 пайызы сол жақтарға кетті қазір. Ауылдағы жеміс ағашының өзіне су шықпа йқалды. Баяғыда шөл десе құм елестейтін еді көз алдымызға, қазір ауыл шөлге айналды.

Құзырлы мекемедегілер биыл судың аздығынан оның ауылдарға кесте бойынша кезекпен беріліп жатқанын айтады. Аз суды тиімді пайдала алмаған елдің өзі кінәлі дейді олар.

Әбубәкір Сапаров, Келес ауданы су шаруашылығы МКК директоры:
Көктемнің кезінен бері дәл қазірге дейін кесте бойынша келіп тұр. Кейбіреулердің суды тиімсіз пайдаланғанынан болуы мүмкін. Бұлайша қурап кететін жағдай емес. Кезекпен алған соң осындай жағдайға түсіп тұр.

Кестеге сай каналға секундына 300 литр су жіберілуі тиіс. Гидротехниктер осыны айтып бет бақтырмайды. Алайда ауыл тұрғындары ондай мол суды биылдыққа көрмеген. Сондықтан енді әкімдік және су шаруашылығы, ауыл тұрғындарынан жасақталған арнайы топ судың жіберілетін мерзімі мен мөлшерін бірігіп бақылауға алуға келісті.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу