Шымкентте бидайдан 2-3 есе аз өнім жиналып жатыр
Шымкентте егін орағы басталды. Алайда биылғы күн райының қолайсыздығы жердің ырыздығын азайтып, диханның несібесін ортайтып тастады. Орта есеппен егістіктің әр гектарынан бар болғаны 6-8 центнерден ғана өнім жиналуда. Қамбаға құйылып жатқан астық жылдағыдан екі-үш есе аз.
Көктемде жауын жеткілікті жауғанымен үздіксіз соққан аңызақ жел жердің аңқасын кептіріп жіберді. Тамырына ылғал жетпеген егін өспей қалған. Бойы тізеге де жетпейді. Жылдағыдай иліп тұрған масақ та жоқ.
Былтыр күзде 1,5 мың гектарға дән сепкен мына өндірістік коопеаратив жұмсаған шығынан да қайтара алмайтын түрі бар. Гектарынан небәрі 6 центнер ғана өнім жиналуда. Онан түскен пайда комбаин мен тракторға құйған жанар-жағар май мен тасымал шығынын әзер жабады,-дейді шаруа.
Ғалымжан Шынаров, Өндірістік кооператив төрағасы:
Бойы бар, сабағы да жақсы. Бірақ бас байламай қалды. Бас байлағанымен де бидай пұш болып кетті. Күн ерте ысып кетті де сондай болды.
Биыл көктемде күннің жайсыз ысып кетуі дәнді дақыл емес шабындықты да өсірмей тастады. Қырда қылтиып шыққан көк мамырдың өзінде күйіп, қурап кетті. Жылда егіс басында қалып керексіз болып қалатын сабанның өзі биыл малшы үшін қат дүниеге айналды. Төрт түліктің қысқа жем азығын әзірлеу үшін жергілікті билік арнайы жоспар әзірлеуде.
Әбу Насыр Жанбатыров, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
Түркістан облысы, көршілес Жамбыл облысы және Солтүстік Қазақстан облыстарына тәуелдіміз. Сондықтан күзде ол жақта орақ басталған кезде қосымша мал азығы қорын дайындап, қысқа әзірлік жасаймыз.
Шымкентте биыл жалпы аумағы 14,2 мың гектар жерге дәнді дақылдар себілген. Мемлекет тарапынан берілетін арзан бағадағы жанар жағар май мен минералды тыңайтқыш та шаруаның қолына уақтылы тиді. Бірақ жердің бабы мен күн райының қолайсыздығы шаруаны көңілсіз қамбаны өнімсіз қалдырғалы тұр.
Ғани Қалмаханов
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы