Родина ауылы жанында Ан-2 ұшағы құлап, 1 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Родина ауылы жанында Ан-2 ұшағы құлап, 1 адам қаза тапты

20.06.2019

Ақмола облысындағы ұшақ апатының куәгері қайғылы оқиға туралы тілшілерге баяндап берді. Бүгін таңертең Целиноград ауданының аумағында авиахимиялық мақсатта жұмыс істеп жатқан АН-2 ұшағы құлап, салдарынан 1 адам қаза тауып, 2 адам ауыр дене жарақатын алған болатын. Тілшіміз Ербол Мәндібек Елордадан 60 шақырым қашықтағы оқиға орнына барып қайтты.

   

Ербол Мәндібек, тілші:

 

Оқиға орнына жеткен бетте құзырлы мекеме мамандарының, бірінші кезекте тергеушілердің жұмыс істеп жатқанын байқадық. Олар апат болған жерді түгелдей қоршауға алған. Себебі, ұшақ құлаған сәтте осы маңайдағы жоғары кернеулі тоқтың бір сымын іліп әкеткен. Куәгерлердің айтуынша, ұшақ қас-қағым сәтте құлаған. Өздеріңіз көріп тұрғандай ұшақтың қозғалтқышымен қос қанаты түгеледей жанып кеткен. Басқа да бөлшектері шашырап жатыр.

 

Виктор Жмурик — ұшақ апатын көрген кәугерлердің бірі. Ол осы маңдағы агрофирманың қызметкері. Айтуынша, АН-2 ұшағы егістік алқапқа авиахимия жасауға, яғни арамшөптерге қарсы у себуге келген. Бүгін таңғы сағат алтыдан бастап іске кіріскен. 3 сағаттың ішінде 5 мәрте ұшып-қонған

 

Виктор Жмурик, ұшақ апатының куәгері:

 

Біз сағат тоғыздар шамасында ұшаққа жанармай құйдық. Содан соң ол әуеге көтеріліп кетті. Бірақ, сәлден кейін құлап бара жатқанын көрдік. Дереу сол жаққа қарай жеттік. Барсақ, өртеніп жатыр. Осы жердегі су таситын көлікпен өртті сөндірдік. Ұшқыш іште отырды. Оны сыртқа шығарып үлгердік.  Қалған екеуі салоннан ұшып кетіпті. Сөйтіп дереу жедел-жәрдем мен құтқарушыларды шақырдық.

 

Руслан Иманқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі:

 

Апат салдарынан әуе кемесінің командирі қаза тауып екінші ұшқыш пен техник-көмекші алған жарақаттарына байланысты емдеу мекемесіне жеткізілді.

 

Ұшақ апатынан тірі қалған жігіттердің бірі 90, екіншісі 92 жылғы. Екеуінің де бас сүйегі сынып, мидың ашық жарақатын алған. Оның үстінен денелерін күйік шалған. Оларды дереу Орталық  теміржол ауруханасына және Трамвотология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына жеткізді.

 

Желеухан Пірімқұлов, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

 

Ұшақта өртенген кезде денелерін күйік шалған. Орта есеппен 20 пайыздай, ол да науқастың жағдайын ауырлатып отыр. Барлық дәрігерлер, түгел ұжымдары осы науқастарды аман алып қалуға күресуде.

 

АН-2 ұшағы агрофирмаға тиесілі емес екені анықталды. Әуе техникасы осы алқапта келісім-шарт негізінде жұмыс істеген. Апатқа ұшыраған ұшақтың қожайындары түсінік беруге асығар емес. Тергеу мен апаттың себебін анықтау шаралары жалғасуда.

 

Ербол МӘНДІБЕК

 

Хабарламаларға жазылу