Қарағандыда ойын алаңында 7 жастағы бала әткеншектен құлап мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда ойын алаңында 7 жастағы бала әткеншектен құлап мерт болды

12.06.2019

Қарағанды қаласындағы сауда үйінің бірінде 7 жасар бала оқыста көз жұмды. Бүлдіршін орталықтағы ойын-сауық алаңында орналасқан әткеншектен құлаған. Полиция бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тексеру амалдарын бастады. Қайғылы жағдайдың мән-жайын осы өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы анықтап қайтты.


Руслан Нұрланұлы, тілші:

-Оқиға мына сауда орталығында кеше кешкі сағат 6-лар шамасында болған. Төртінші қабаттағы ойын-сауық алаңына балаларымен келген ана қапыда 7 жастағы қызынан айырылып қалды.

 

Әдетте балалар мәз-мейрам болып жататын ойын-сауық алаңында қазір өлі тыныштық. Жарығы сөніп, жұмысы уақытша тоқтаған. «Қыз бала кеше анасымен және бауырларымен ойнауға келген», дейді ойын-сауық алаңының әкімшілігі. Анасы сыртта қалып, ойын алаңына әпкесі алып кірген. Әткеншекте отырған бала кенет есінен танып құлапты.

 

Людмила Качаненко, ойын-сауық алаңының әкімшісі:

Қыз бала әткеншек тепті. Онда барлық ережелер сақталған болатын. Әткеншек еденнен небәрі 30-40 сантиметр биік. Әрі кішкентай қызды 13 жастағы әпкесі тербетіп тұрды. Әпкесінің айтуынша, кенет бала өзін нашар сезініп, есінен танып құлап қалған. Оның айқайын естіп, дереу көмекке жүгірдік. Ал жедел жәрдем 15 минутта келіп жетті.

 

Жедел жәрдем қызметі алғашқы көмек көрсеткенмен, құтқара алмапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыз созылмалы ауыр сырқатпен диспансерлік есепте тұрады.

 

Гамаль Тоқсанбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

Өлімге механикалық асфекция себеп болған. Яғни, баланың асқазанындағы желінген тамағы көтеріліп, тыныс алу жолдарына түскен. Сондықтан ауа жетпей қалып отыр. Бұл алдын ала болжам. Толық жауабын сот-медициналық сараптама аяқталған соң бере аламыз. Ал бұрын-соңды диспансерлік есепте тіркелген сырқатының бұған еш қатысы жоқ. Оның қандай диагноз екенін дәрігерлік құпияны сақтау жөніндегі заңға сәйкес айта алмаймыз.

 

«Баланың бойынан тек жұқпалы тері аурулары байқалса ғана ойын алаңына жіберілмейді», дейді қызметкерлер. Ал, қайтыс болған бүлдіршін сырт көзге сап-сау көрінген. Қазір бала өліміне қатысты «Қауіпсіздік талаптарын сақтамау және адам өліміне әкеп соқтырған қызметтерді ұсыну» бабымен қылмыстық іс қозғалды.

 

Жанатай Сембеков, облыстық Полиция департаменті Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:

- Аталған факт бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Бұл соңғы 20 күн ішінде өңірде балалар ойын-сауық нысанында болған екінші оқыс оқиға. Еске сала кетейік, 25 мамыр күні Қарағандыдағы демалыс саябағында батутты күшті жел аударып, 1 бала мерт болған еді.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу