Оңтүстік жұрты асарлатып шөп оруға кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік жұрты асарлатып шөп оруға кірісті

01.07.2021

«Төрт түлікті аштықтан аман сақтап қалу үшін баршамыз түгел жұмылайық!» Шымкенттік Құрмет Талапқазының осы бастамасына оңтүстік өңірінің жұртшылығы қолдау білдіріп, жұмыла шөп шабуға кірісті. Оның ішінде ерікті жастармен қоса мекеме, ұйымдардың да қызметкерлері бар. Олар жинаған шөптерін төрт түліктің жем азығынан тарығып отырған өңірлерге жібермек.

Бастамаға алғаш болып үн қосқандардың бірі - сарыағаштық ерікті жастар. Орағын сайлап шыққан олар үш күннен бері тынымсыз еңбек етуде. Еріктілер Шымкентке апарар күре жолдың бойындағы қамыс пен құрақтарды орып, кепкендерін бір жерге жинап жатыр.
Асылхан Тұрғанбек, «Адал көмек» еріктілер клубының жетекшісі:
Таң атқаннан сағат 9-дан бастап кешкі сағат 6-7-ге дейін осы жерде жұмыс істейміз. Осы жұмысты біткен соң өзге де бөлінген жерге барып көмектесеміз. Біз қазір техника күші келмейтін, кіре алмайтын жерде қамыс орып жатырмыз.
Қайырымды іске коммуналдық мекемелер, жастар ресурстық орталығы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де атсалысуда. Олар бар жұмысты қол күшімен атқаруда. Ал аудандағы ірі шаруашылықтар болса игерусіз жатқан жердегі шабындықты техникамен оруға кірісті.

Онан бөлек бастамашыл топтың есепшотына көмек ретінде ақша аударып жатқандар да баршылық. Бүгінге есепшотқа дейін 500 мың теңгеден астам ақша жиналған.
 Құрмет Талапқазы, Шымкент қаласының тұрғыны, игі істің бастамашысы:
 Әзір мына жерге Жетісайдан 500 пресс, мына жақтан 120, Шардарадан 2 мың, Қазақстаннан 1 мың пресс, Қазығұрт пен Тараздағы жүрегінде иман сәулесі бар кісілер атсалысып шөп жинап жатыр.
Сарыағаш аудандық әкімдігі тасымалдауға дайын шөпті уақытша жинау үшін күре жолдың бойынан арнайы жер бөлді. Сондай-ақ Шымкент қаласы мен Төрткүл ауылы маңында да шөп сақтайтын орын жасақталуда. Еріктілер оңтүстік жұртшылығының көмегін қуаңшылық болған аймақтарға поезд немесе жүк көліктерімен жеткізіп беруге бекініп отыр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу