Коронавируспен жас адамдар жиі ауырып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавируспен жас адамдар жиі ауырып жатыр

30.06.2021

Коронавируспен жас адамдар жиі ауырып жатыр. Былтыр жан сақтау бөліміне түскендердің орта жасы 74-те болса, биыл сәуірде 68, ал маусым айында 58 жасқа дейін түскен. Тіпті ауырғандардың арасында 30 бен 40 жас аралығындағы адамдар көбейген. Бүгін баспасөз алаңында брифинг өткізген мамандар вирустың клиникалық өзгеріске ұшырап жатқанын айтады. Қазір ел бойынша 596 адамның жағдайы ауыр. Оның 83-і жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Соңғы 7 күнде ауруханаға жатқандар саны 29 пайызға артты. Бір ғана елорданың өзінде аурухананың 75 пайызы науқастарға толған. Қайта жұқтыру дерегі де көбейіп барады. Тіпті ауырып жазылғандар, үш айдан кейін қайта ауырған жағдайлар тіркелген. Сондықтан ковид жұқтырғандар үш айдан кейін вакцина салдырғаны жөн дейді мамандар. Бұған дейін 6 ай бойы вакцина салдырмауға болатыны айтылған еді.

Сәуле Атығаева, «Көпбейінді медициналық орталық директорының орынбасары:
Вирусты инфекция жасарып барады. Биыл бес айдағы жағдайды талдап көрсек, сәуірден бастап 30 бен 40 жас аралығындағы науқастар көп түскен. Қайғылы жағдайлардың да сәуір айына қарағанда 5 жылға «жасарғанын» көріп отырмыз. Компьютерлік томаграфияға түскен кезде 5-10 пайыз зақыммен түскен пациенттерде 3-4 күннің ішінде емдік шараларға қарамастан 60-70 пайыз зақымдалу кездесіп жатыр.

Сондай-ақ, өкпенің зақымдалуынан бөлек, ми мен жүректің, бүйрек пен асқазан-ішек жүйесінің, буындар мен жүйке жүйесінің зақымдалуы сияқты синдромдар да жиілеген. Тіпті құлағы естімей қалу сияқты симптомдар байқалуда. Ал дельта штамымен балалар 5 есе жиі ауырады екен. Сондықтан аурудың таралу қаупін тоқтататын жалғыз тәсіл вакцинация деп отыр мамандар. Бұл штамнан толықтай қорғану үшін екпенің екі компонентін де алу керек.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу