Президент Швейцарияның іскерлік топ өкілдерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Швейцарияның іскерлік топ өкілдерімен кездесті

30.06.2021

Алдымен Ақордадан жеткен ресми ақпарат. Бүгін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияның іскерлік топ өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Швейцария құрама командасының футболдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында жақсы ойын өрнегін көрсеткенін атап өтті. Президент Швейцария Конфедерациясы Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар достық пен өзара сенімге негізделген. Бүгінгі кездесуді Швейцария Президенті Ги Пармеланмен бейне байланыс арқылы өткен жуырдағы келіссөздің конструктивті жалғасы ретінде қарастырамын. Біз сауда байланыстарымызды, инвестициялық ынтымақтастығымызды нығайту үшін жұмыс істеуге, аталған салалар бойынша жетістікке қол жеткізуге уағдаластық. Қазақстан Тәуелсіздігін алған уақыттан бері Швейцария экономикамызға 30 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы, тіпті, былтырғы дағдарыс кезінде 1,7 миллиард доллар болды.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда экономиканы көміртегінен ада етуге, жасыл технологияларға, қоршаған орта мен қаржы саласын қорғауға байланысты жобаларға басымдық беріледі. Кездесу барысында жиын қатысушылары да өз пікірлерін ортаға салды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстанда Швейцария капиталының қатысуымен 400-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатқанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызда белгілі бір жетістіктер бар деп санаймын. Сонымен қатар мұны одан әрі дамыту үшін әлеуетіміз де жеткілікті. Қазақстан тікелей инвестиция тарту үшін еліміздегі инвестициялық климаттың мейлінше қолайлы болуына барлық мүмкіндікті жасайды. Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі мемлекет. Біздің мақсатымыз – аймақтағы жетекшілік орнымызды сақтап қалу. Сонымен қатар экономикамызды әртараптандыруға байланысты мәселелерді шешуіміз керек.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу