Қарағандыда 20 өзбекстандық азамат құрылыс басында газдан уланып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда 20 өзбекстандық азамат құрылыс басында газдан уланып қалды

04.06.2019

Оқыс оқиға бүгін түнде сағат 24.15-тер шамасында болған. Олар газ баллонын пайдаланып тамақ дайындаған. Айтуларынша, содан ауаға газ тарап уланған. Бақтарына қарай бірі ояу болып, басқаларын оятқан.

Зардап шеккендер түгел ауруханаға жеткізілді. Науқастардың 4-уі амбулаториялық көмектен соң, тұрғылықты мекен-жайына жіберілген. Енді төртеуі ерікті түрде медициналық жәрдемнен бас тартқан.

Ал қалған 12 адам облыстық медициналық орталықтың токсикология бөлімінде жеке палатада ем қабылдауда. Жағдайлары қалыпты. Уланған азаматтардың кім екені анықталған.

Фарух Елбойев, науқас:

Сорпа қайнатпақшы болған едік. Баллон ашық тұрды. Біреуіміз ғана ояу, қалғанымыз ұйықтап жаттық. Сол жігіт оятып аман қалдық. Қазір денсаулығымыз жақсы.

Бақытжан Құдияров, облыстық полиция департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы басшысының орынбасары:

Азаматтардың неден уланғаны, оқиғаның қалай болғаны, барлығы анықталып, нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады. Айта кететін мәселе бұл өзбекстандық азаматтар көші-қон полициясы басқармасында тіркелген. Жұмыс берушімен арада еңбек келісім-шарты барлығы бар.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу