Елордада өткен аптамен салыстырғанда вирус жұқтыру көрсеткіші 2,8 есе өсті. Ауырғандар 620-дан асты. Күн сайын 200дей науқас ауруханаға жатқызылуда. Төсек орындардың толымдылығы 70 пайыз. Қосымша инфекциялық стационар әзірлеу жоспарда бар. Баспасөз алаңында есеп берген денсаулық сақтау басқармасының өкілдері осылай деді. Бұрын карантиндік стационар ретінде ашылған «Рамада Плаза» қонақ үйінде қайтадан 500 орын әзірленбек. Эпид жағдайдың өзгеруіне байланысты қосымша қатаң шаралар енгізіледі. Ашық ауада жұмыс істейтін атракциондардың қызметіне тыйым салынады. Қала күні көптеген іс-шара онлайн форматта өтеді. Спорттық, экскурсиялық шараларға шектеу қойылады. Екпе қарқыны да бәсең. 210 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін салдырды.
Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
Осы уақытқа дейін біз вакцинаны қабылдау әркімнің жеке шешімі деп есептедік. Бұл шынымен де солай. Статистика қазір індетке шалдыққандардың басым көпшілігі қоғамдық көлікті белсенді пайдаланатындар және адамдар көп жиналатын сауда орталықтары, ойын-сауық және мәдени мекемелер, барлар мен мейрамханалар сынды орындарға баратын кісілер екендігін көрсетіп отыр. Сондықтан ағзаны сенімді қорғау қажет. Ал бұл әрине – вакцинация.
Раушан Сайлауқызы