Бағыс ауылына көгілдір отын беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бағыс ауылына көгілдір отын беріледі

25.06.2021

Шекараны айқындау кезінде Қазақстан картасына енбей, ондаған жылдар бойы өркениеттен өгейлік көріп келген Бағыс ауылы үкімет қаулысынан кейін қайта түледі. Халыққа қызмет көрсету орталығының көшпелі жұмыс тобы ауылға келіп, тұрғындар мүліктерін рәсімдеуге кірісті. Өрісі кеңейген елді-мекенде жаңадан үйлер салына бастады. Үкімет қаулысы шыққалы тура бір айдың ішіндегі оң өзгерістерге әріптесім Ғани Қалмаханов куә болды

Бұл - Өзбекстаннан ірге ажыратқалы Бағыста салынып жатқан алғашқы үй. Аядай баспанада оншақты жан тұрып келген Жайлаубаевтар отбасының керегесі кеңейіп, ауылға тағы бір шаңырақ қосылмақ. Күләш апа ержетіп, әлдеқашан отау тіккен балаларына енші беретініне қуанып жүр.

Күләш Жайлаубава, ауыл тұрғыны:
Үй салған соң жекеменшік үй болады. Бала-шағам асыр салып есігіміздің алдында ойнайды, Жағдайымыз түзеледі деген сөз енді.

 Ауылдың кадастрлық номері болмағандықтан мұндағы жұрт 30 жылдан бері жер телімін ала алмаған. Тіпті басыбайлы баспаналарының құжатын рәсімдей алмай өзге ауылдарда тіркеуге тұруға мәжбүр болды.

Бір айдан бері жылжымайтын мүлікті тіркеу, халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары Бағысқа келіп, құжат түгендеп жатыр. Осы кезге дейін елді-мекендегі 67 отбасының меншік иелігін растайтын құжаты мүлдем болмаған.

Ермек Сапарбаев, Ақжар ауылдық округінің әкімі:
Бірінші кезекте сол 67 үйдің иелерінің өтінішін қабылдап оларды аудандық жер комиссиясына жолдадық. Оң қорытындысын алғаннан кейін бірінші шешім шығарамыз. Онан соң мүліктерін толық түгендеп, рәсімдеп алады.

Осы кезге дейін Өзбекстанның меншігі саналып келген 750 гектар жер Бағысқа қайтарылып, егістік жер мен жайылым да кеңейді. Көршілерден алған бұл аумаққа Қазығұрт ауданынан тағы 288 гектар қосылды. 74 жылдан беру қоңырау үні үзілмей келе жатқан апатты мектептің орнына да жаңасы салынатын болды.

Әбидолла Құсайынов, ауыл биі:
 Әзір тірліктің бәрі оңғарылып, жаңа мектепке де қаржы бөлініп, құжаты бәрі дайын. Біздің халықтың осы кезге дейінгі мұң-мұқтажын жеткізген «Қазақстан» телеарнасына рахмет.

Шекара шебіндегі ауыл отын жарып, күл шығарудың да азабынан құтылмақ. Қазір барлық көшені бойлай әр үйге құбыр тартылуда. Іс межелі мерзімде аяқталса, алдағы шілде айында Бағысқа көгілдір отын беріледі.

 Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу