Алматылықтардың 37 пайызы екпе салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылықтардың 37 пайызы екпе салдырды

25.06.2021

Алматылықтардың 37 пайызы екпе салдырды. Бұл шамамен 403 мың тұрғын. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев баспасөз алаңында эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Қазір жалпы екпенің екі компонентін салдырғандар саны 226 мыңнан асты. Дельта штамының көбеюіне байланысты қызыл аймаққа қайта өту қаупі де жоқ емес. Десе де қалаға локдаун енгізілмейді. Тек қосымша шектеулер қарастырылмақ.

Алматы - алып қала. Халық саны 2 млн-ға жуықтайды. Соның 1 млн-нан астамы екпе салуға жарамды. Осы айдың басында вирус жұқтырғандар саны 100-ден төмен болса, қазір күніне шамамен 181 науқас тіркелуде, бұл қалада жаңа штамның анықталуымен байланысты. Сондықтан шаһар басшысы қазір вакцинациялау жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын айтады. Пандемия кезеңінде дағдарысқа қарсы шараларды дер кезінде қолға алудың нәтижесінде қаланың әлеуметтік экономикалық жағдайы оң көрсеткіштерге ие.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 107,8%-ды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы Алматы облысынан және Нұр-Сұлтаннан кейін үшінші орында тұр. Өнеркәсіпте өсім 19,7%-ға қамтамасыз етілді, құрылыс 24,7%-ға байланыс қызметтері - 13,4% сауда 4,7%-ға өсті.

Жұмыссыздықты жою, орындарды сақтау Президенттің пәрмені. Биыл 5 айда 31 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіптік саланы қолдау аясында Индустриялық аймақтың жұмысы қызу. Жыл соңына дейін құны 40,3 млрд теңге болатын 9 жоба іске асады. Әлеуметтік жағынан осал топтар да назардан тыс қалмайды. Биыл 124 мыңға жуық алматылыққа қолдау көрсетілді. Мегаполистің экологиялық ахуалын жақсарту мәселесі назардан тыс қалған жоқ.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі: 
Екінші жыл қатарынан 3 жылда 1 миллион ағаш отырғызу бойынша «Жасыл Алматы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде 480 мың түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Жыл соңына дейін 300 мыңнан астам жас ағаш отырғызу жоспарлануда. Әр ағашқа электрондық паспорт жасалып, жасыл желектердің реестрі құрылды. Жүйе жалпыға қолжетімді болады.

Қаланың қай аумағы болсын, өмір сүру деңгейі теңестірілуі керек. Биыл шаһардың шет жағында шетінде көлік, бизнес және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша 286 жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Алматыда тау туризмі үшін қауіпсіз инфрақұрылым жасалмақ.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу