Екпе салдырғандар саны 2 млн 760 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екпе салдырғандар саны 2 млн 760 мыңнан асты

21.06.2021

Қазақстанда үнді штамына ұқсас вирус анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлап отыр. Елордада коронавирустық инфекцияның күрт өсуіне байланысты денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілерге ПТР-скрининг жасады. Нәтижесінде  «Дельта»  штаммына тән мутация анықталды. Вирустың дәл осы түріне қатысты ақпаратпен бөлісу үшін бізбен әріптесіміз Раушан Сайлауқызы тікелей байланыста. 

Раушан Сайлауқызы, тілші: 
Осыы мутацияның болуын және оның «үнді» штаммына жататындығын нақты растау ДНК-ға жүргізілетін геномдық зерттеу аяқталғаннан кейін анықталады. Жалпы, үнді штаммына «Дельта» деген ғылыми атау берілген. Қауіпті вирус әлемнің 80 еліне тарап үлгерген. Жұғу қаупі өте жоғары. Вирустың өзге түрлеріне қарағанда 60 пайызға жұқпалы, орташа есеппен бір адам 5-6 адамға жұқтырады. Басты белгілері – бас пен тамақтың ауруы, мұрын бітуі, жоғары дене қызуы. Жөтел мүлдем болмауы да мүмкін. Ауырған адамның буындары қақсап, іштің ауырсынуы байқалады. Жүрек айну, құсу, құлақтың естімей қалуы сияқты белгілері де бар. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, «Үнді» штаммын жұқтырғандар көбінесе ауруханаға түсіп, тіпті соңы өліммен аяқталатын жағдайдар жиі болған.
Ерлан Қиясов, ҚР бас мемлекеттік санитария дәрігері:
Вирус елордада жасалған сынамалар нәтижесінде анықталды. Бұл штамм өте тез таралады. Сондықтан бүкіл әлем қауіптеніп отырған вирус түрі. Швецияда соңғы 5 күнде 70 есеге артады. Ал Мәскеуде ауырғандардың 90 пайызында осы штам анықталған. Елімізде қауіпті вирустың таралуын болдырмау үшін қосымша шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Оны біз ертең ведомстовоаралық комиссияның отырысын өткізіп, талқылаймыз. Жаңа вирустан сақтанудың ең тиімді жолы уақытылы екпе алу. Кейбіреулер әлі де екі ойлы. Алайда, қорғанудың ең тиімді жолы екендігі ғылыми түрде дәлелденіп отыр.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ал елдегі эпидахуалға тоқталсақ, кеше 930 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Вирустық белгілері бар пневмонияға 10 адам шалдығып, 1 науқас қайтыс болған. Бүгінде 21 мыңнан астам адам емделіп жатыр, олардың 400-ден астамының жағдайы ауыр. Осыған дейін «жасыл аймақта» болған Шымкент қаласы қайтадан «сары аймаққа өтті. Ал, Нұр-Сұлтан қаласы әлі де «қызыл аймақта». Елордадағы стационарларда 1000-ға жуық адам ем алып жатыр. Төсек орындарының толымдылығы қазірдің өзінде 50%. Қалада күніне вирус жұқтырған 300-дей жаңа жағдай тіркеледі.Бұлай жалғаса берсе былтырғы жағдай тағы қайталануы мүмкін дейді елорда әкімі. Алтай Көлгінов қала тұрғындары мен қонақтарын сақтануға, карантиндік талаптарды орындауға шақырды. Қазір экономикалық жағдайларды ескере отырып, қосымша шектеулер енгізу қарастырылмаған. Десе де шаһардағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты болуы әр адамның өз қолында. Ауырып жүріп, көше аралап, өзгелердің өміріне қауіп төндіретіндер саны да азаяр емес. Бұл «Ашық» жобасы арқылы анық көрінуде. Екпе салдыруға қалада барлық жағдай жасалған. Вакцина қоры жеткілікті. Тұрғындар осы мүмкіндікті тиімді пайдаланса дейді әкім. Соңғы дерекке сай, екпенің бірінші компонентін алғандар саны елімізде 2 млн 760 мың адамнан асты. 

 Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу