Елордада жатақхана өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жатақхана өртенді

02.05.2019

Бүгін таңертең елордада бес қабатты жатақханадан өрт шығып, 26 адам зардап шекті. Оның жартысынан көбі - балалар. Өрт сөндірушілер жалынды 35 минуттың ішінде ауыздықтаған. Қазір зардап шеккен бір бала жансақтау бөлімінде жатыр.

Өрт Халел Досмұхамедұлы көшесіндегі жатақханадан шыққан. Өрттен өз еркімен 350 адам қашып құтылса, құтақарушылар саты арқылы 38 адамды алып шыққан. Ауруханаға түскендердің ішінде жан сақтау бөлімінде жатқан бір бала бар.

Аслан Жангереев, Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

- Өрт болған жерге 14 жедел жәрдем көлігі келді. Медициналық көмекке 26 адам шағымданған. Оның 11-і ауруханаға жатқызылды.

Оқиға орнына қала әкімі де барды. Тұрғындар 45 жыл бұрын салынған ғимараттың тозғанын айтқан. Әкім жатақхананың жағдайын анықтайтын комиссия құруды тапсырды. Ал аураханаға түскен балалар мәселесін балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл бақылауына алды.

Орал Әбдірахманов, Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы, өртке қарсы қызмет подполковнигі:

- Алдын ала мәлімет бойынша, өрт тұрмыстық техниканың қысқа тұйықталуынан болған. Яғни, электр техникасын пайдалану тәртібі бұзылған. Өртті сөндіруге 66 құтқарушы жұмылдырылды. Қазір оқиға орнында өрт сөндіру зертханасының мамандары жұмыс істеуде.

Жатақхананы өрт сөндірушілер былтыр ғана тексерген. Онда өрт қауіпсіздігіне қатысты 10 заң бұзушылық тіркеліп, кейбірі сотқа да жолданған.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу