Оқиға Атбасар ауданының Мариновка ауылында болды. 8-сыныпта оқитын жеткіншекті жоғары кернеулі тоқ соққан. Жанында болған тағы бір сыныптасы жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді.
Теміржол бойын жағалап, мектеп маңын тазалап жүрген оқушылар тоқтап тұрған вагондардың үстіне мінбек болған. Осылайша ойын баласын тоқ ұрып, сол жерде тіл тартпай кетеді. Асанәлі - отбасындағы жалғыз бала. Оқуы да, тәртібі де жақсы болыпты.
Танзелия Махметова, анасы:
- Тоқтан қатты жарылыс болған. Ол болған соққыдан ұшып кеткен. Мен енді қалай өмір сүремін? Бұған мектеп басшылығы да, теміржол иелері де кінәлі деп есептеймін.
Мариновкадағы мектеп теміржолдың бойында. Ұстаздар білім ордасының орналасқан жері талаптарға сай емесін талай жылдан бері айтып келеді. Жүк тасыған пойыздар өткен кезде мектеп еденінің дірілдеуі қалыпты жағдайға айналған.
Сәуле Мұхамедқалиева, Мариновка орта мектебінің директоры:
- Мына жерде теміржол болатын болса, неге үлкен қақпа салынбайды? Шығуға болмайтыны туралы неге ескертілмеген? Оған кім жауапты? Неге біз шырылдай береміз?
Теміржол ауылды қақ жарып өтеді. Ешқандай қоршау жоқ. Ескерту белгілері қойылмаған. Жаяу жүргіншілер өтетін жол да қарастырылмаған. Осы уақытқа дейін мектеп тарапынан да, ауылдық әкімдіктен де өтпе жол салу туралы ұсыныстар болыпты. Алайда, әзірге нәтижесіз.
Қазіргі уақытта осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 344-бабы 2-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, оқушыларды қоғамдық жұмысқа жегудің жай-жапсары тексеріліп жатыр.
Ермек ЕЛБЕРГЕН